Қоғам

Абзал жандар ардагерлерге құрмет көрсетуде

Жеңіс күні қарсаңында №2 қалалық емхана қызметкерлері соғыс ардагерлеріне барып, алдағы мерекемен құттықтады. Құттықтау қабылдаған жанның бірі – Дмитрий Сергеев. Есіл ауданына қарасты Николаевка ауылының тумасы 1945 жылы 18 жасында майданға аттанады. Оқ пен оттың ортасында байланысшы болады. Яғни, адамдардың бір-бірімен байланысқа шығуына мүмкіндік беретін электр сымдарын орнатумен айналысқан.

ДМИТРИЙ СЕРГЕЕВ, ҰОС ардагері:

– Майданға аттанғанда мені алдымен Владивосток қаласына жіберді. Кейін бізді ауылдарға бөліп тастады. Байланысшы болып қызмет атқардым. Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Кеңес-Жапон соғысына қатыстым. Сонда қолыма алғаш рет қару алдым. Сол жылды ұмыту мүмкін емес.

Соғыс аяқталған соң 18 жастағы азамат Петропавл ауыр машина жасау зауытына жұмысқа орналасады. Сонда зейнетке дейін қызмет етеді. Дмитрий Петровичтің 2 баласы бар. Атасын мақтан тұтатын 3 немере сүйіп отыр.

БЕГАЙЫМ, МЕЙМАНОВА, №2 қалалық емхана директоры орынбасарының міндетін атқарушы:

– Қазір Сергеев Дмитрий Петровичті деген кісіні құттықтадық. Бұған дейін Некібаев Қожатай Сейдахметұлын құттықтадық. ҰОС ардагерлері жылдан-жылға азайып барады. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіп, құрметтеп жатырмыз. Ардагерлеріміз бейбіт өмір сыйлады.

Емдеу мекемесінде 7 ҰОС ардагері тіркелген. Әрқайсысының денсаулығын мамандар жіті бақылауда ұстап, дер кезінде көмек көрсетіп отырады.

 

Самал Жунусова