Мәдениет

Театр маусымы жабылды

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында 136-шы маусым жабылды. Ұжым қорытынды кешке ерекше дайындалыпты. Олар алдымен көрерменге спектакль қойды, кейін караоке-шоу ұсынды

ТИМУР КАРИМЖАНОВ, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы режиссері:

– Осы жылы біз 3 спектакль сахналадық. Олар: “Волки и овцы”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” және “Голодранцы и аристократы”. Сондай-ақ, кішкентай көрермендерді де қуанттық. Маусымжабар кешке алғаш рет музыкалық шоу дайындадық. Жергілікті дарындар жанды дауыста өнер көрсетеді.

Драмалық өнер және музыкалық шоу. Екеуінің қосындысы театрландырылған караоке болды. 2 сағатқа созылған кешті көрермен кірпік қақпай тамашалады. Шапалақ жиі соғылды.

– Театрға барып, спектакль көргенді өте жақсы көреміз. Жиі келіп тұрамыз.
– Мен тұрақты көрермені емеспін. Бірақ, театрға келіп, қойылым тамашалаған өзіме ұнайды.
– Театрға асыға келемін. Бүгінгі шоу көңілімнен шықты. Әртістерге алғысымды білдіремін.

ЯРОСЛАВ ЧУМАК, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:

– Белгілі бір спектакльді көрсетіп, әрі қарай әнмен жалғастыру – біз үшін де, көрермен үшін де ерекше. Жұртшылыққа ұнайтын классика, рок жанрындағы және халық әндерін дайындадық. Театр ұжымының барлығы ән айтса да бізге оңай болмады. Дегенмен, қонақтарымыз үшін барынша тырыстық.

Кеш соңында қатысушылар марапатталды. Оларға ұжым үлкендері ҚазКСР-ның Халық әртісі Иван Петрович Арчибасовтың сыйлығын табыстады. Театр труппасы келесі маусымға жоспар да құрып қойыпты. Алдағы маусымда мәдениет саласы өкілдері қауымға Мағжан Жұмабаевқа арналған қойылым ұсынбақ.