Спорт

Таеквондодан Петропавл кубогы өтті

Таеквондодан СҚО федерациясының құрылғанына – 25 жыл. Осыған орай сенбі күні облыс орталығында қос бірдей жарыс ұйымдастырылды. Сайыстарда 130 спортшы бақ сынады.

Түске дейін спортшылар жекелей сында мықтыны анықтады. Ал қазір ең үздік команда белгілі болмақ. Әр ұжымда – 6 баладан. Құрамалар 3 жеңіске дейін сынға түседі. Қарағандылықтар жергілікті спортшыларды 0 де 2 есебімен жеңіп келеді. Орталыққазақстандықтардың үкілеген үміттері – Әлижан Сәдуақасов. Ол жеңіске жетсе, команда финалға жолдама алады.

Қызыл бұрыштағы Әлижан Сәдуақасов қарсыласынан мығым көрінеді. Спортшы жергілікті саңлаққа қол-аяқпен соққы жұмсап, ұпайын түгендеуде. Көп ұзамай төрешілер шешім де шығарды. Айқын басымдықпен қарағандылық жеңіске жетті.

ӘЛИЖАН СӘДУАҚАСОВ, жарысқа қатысушы, Қарағанды қаласы:

– Таеквондомен 4 жастан айналыса бастадым. Қазір 10-дамын. Бұл спорт түрін таңдауыма әпкелерім себеп болды. Олар таеквондомен айналысып, түрлі жарыстарға қатысты. Үйге медальдар әкелетін. Соған қарап қызықтым. Жарыс жоғары деңгейде өтуде. Қарсыластарым да осал емес.

Келесі кезеңде петропавлдықтар қола үшін елордалықтармен сынға түсті. Татамидегі таласты көпшілік қызыға тамашалады. Жергілікті спортшы астаналықтан салмақ дәрежесі бойынша әлдеқайда жеңіл. Бойда да айырмашылық бар. Дегенмен, кездесу тартысты өтті. Қос спортшы жан алысып, жан берісті. Нәтижесінде азғантай ғана басымдықпен елордалық Әліби Қанатбаев жеңіске жетті.

ӘЛІБИ ҚАНАТБАЕВ, жарысқа қатысушы, Астана қаласы:

– Таеквондо қызықты спорт. Қолмен де, аяқпен де соққы жұмсауға болады. Бұл спортқа мені әкем әкелді.

ВЛАДИМИР ХВАН, таеквондодан СҚО федерациясының президенті:

– “Фестиваль” жарысында 6-11 жас аралығындағы балалар сынға түсуде. Ал Петропавл кубогінде 12-15 жастағы спортшылар мықтыны анықтауда. Басымдық бірінші жарысқа беріліп отыр. Ондағы қатысушылардың тәжірибесі аз. Мұндай жарыстарға кейбірі алғаш рет шығып отыр. Бұл сайыс олардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттырады деген ойдамын.

Жалпы, жарысқа, Петропавл, Екібастұз, Астана және Қарағанды сынды қалалардың спортшылары қатысуда.

 

Алдияр Айтпаев