Мәдениет

“Қарлығаш” ансамбліне – 50 жыл

“Қарлығаш” ансамблі өзінің 50 жылдық мерейтойын тойлауда. Ұжым өз өнерімен талайды тамсандырып жүр. Бұл топ ел ішінде де, өзге мемлекеттерде де танымал. Талай бәсекеде үздіктер қатарынан көрініп жүр. Ансамбльдің концертіне де халық көптеп жиылады.

Галина Жумалееваның өмірі ансамбльмен тығыз байланысты. Ұжымның көркемдік жетекшісі 70-ші жылдары балабақшада жұмыс істеді. Сол кезден-ақ талантты педагог кішкентай бүлдіршіндерді биге үйретті.

ЕВГЕНИЙ САЗАНОВ:

– Түстен кейін ұйықтайтын уақыт кезінде ол бірнеше баланы өзімен бірге алып жүретін. Олардың қатарында мен де болдым. Солай билеуді үйрендік. Галина Жумалееваға айтар алғысым шексіз. Ол балаларға билеуді ғана үйретіп қоймады. Түрлі халықтың мәдениетімен де таныстырды. Ұл-қыздардың таным көкжиегін кеңейтті.

Ансамбльдің алғашқы құрамы 73-ші жылы құрылды. Ол 8 жұптан тұрды. Көркемдік жетекшінің өнерін балетмейстер Валерий Иванович Хренов жоғары бағалады. Сондай-ақ, жаңа “Арай” ансамблін құруды ұсынды.

ГАЛИНА ЖУМАЛЕЕВА, «Қарлығаш» хореографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Зауытқа жұмысқа орналастырды. 16 баламен жұмыс істеуді бастадық. Кейіннен Киров зауытына ауыстым. Басшылық өнерді қолдады. Костюмдерді зауыт тігіп беретін.

Ол кезде ансамбль халық арасында «Кировчаночка» атымен танылды. Сол кездің жастары осы ұжымға мүше болуды армандайтын. Топта Наталья Дёмина мектеп жасынан өнер көрсетіпті. Нәзікжанды ансамбльдің аяққа нық тұруы Галина Васильевнаның арқасы,- дейді.

НАТАЛЬЯ ДЁМИНА:

– Галина Васильевна – тамаша оқытушы. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Бишілерді түсінеді, қолдайды. Керек кезде қаталдау да болатын. Сол кездері біршама қаланы араладық. Киев, Челябіде болдық. Ұжым тізгінін мықтап ұстады.

Кейіннен ұжым атауы “Қарлығашқа” ауысты. Қазіргі таңда ансамбль -Еуропа сахнасының тұрақты қонағы. Топта 110 биші өнер көрсетеді. Ұжым мұнымен тоқтамайды. Өз өнерімен өнерпаздар әлі талайдың жүрегін жаулауды жоспарлап отыр.

 

Алдияр Айтпаев