Экология

Банктің 4 жылдығына орай ағаш егілді

Биыл «JUSAN BANK»-ке – 4 жыл. Осыған байланысты қаржы ұйымы жергілікті филиалының қызметкерлері эко-акция ұйымдастырды. Нақтырақ айтақ, облыстық бейнелеу өнері музейінің маңайына ағаш отырғызды.

ЕРКЕН ШАЛКЕНОВ, облыстық музей қауымдастығы директорының орынбасары:

– Бұл мұражай 1989 жылдан бері жұмыс істейді. Маңайдағы ағаштарға да біраз жыл болып қалды. Кеуіп қалғандықтан оларды кесіп тастадық. Эко-акцияның арқасында музейдің маңайы көркеймек. Банк ұжымына алғысымызды білдіреміз. Айта кету қажет, біздің музей бекерден-бекер таңдалған жоқ. Біз – «JUSAN BANK»-тің клиенттеріміз. Ұйым өкілдері осыны ескеріп, көшеттерді мұражай жанына егуді шешті.

Егілген ағаштарға күтім керек. Оларға көңіл бөлінбесе, жасыл желек солып қалары сөзсіз. Мұны жақсы білетін банк қызметкерлері қол қусырып қалмақ емес. Қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарайтын мамандар көшеттерді ұдайы суарып отыруды басты назарда ұстамақ.

ЕРЛІК АСҚАРОВ, «JUSAN BANK» АҚ СҚФ сату басқармасының басшысы:

– Биыл банкке 4 жыл толып отыр. Осыған байланысты Қазақстан бойынша 300-ден астам ағаш отырғызылды. Ал бүгін облыстық бейнелеу музейі маңында біз 12 ағаш пен 14 гүл отырғызып жатырмыз.

Эко-акция – республикалық шара. Банктің 4 жылдығына орай игі бастама Қазақстанның әр аймағында өтті. Сюжет соңында қаржы ұйымына қатысты дерекпен бөлісе кетейік. Қазір «JUSAN BANK»-тің өңіріміз бойынша 50 мыңнан астам клиенті бар. Облысымызда 4 бөлімше жұмыс істейді.

 

Самал Жунусова