Ауыл шаруашылығыҚоғам

Жәрмеңкеде 100 тонна өнім сатылды

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
Облыс орталығында – ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі. Апта сайын базарларға ағылатын ағайын бұл жолы Спорт сарайы маңына жиналды. Таңғы сағат 9-дан мұнда 7 ауданнан жеткізілген табиғи таза өнімдер сатылуда.

Жәрмеңке – қала тұрғындарының сүйікті шараларының бірі. Жерлестеріміз май мен сүт, ет пен бал іздеп таңнан келеді. Шатырлардың маңында ұзын-сонар кезек қалыптасады. Сауда қызу жүреді. Бүгін де осындай көрініс.

Жәрмеңкеде өнімдер нарықтағы бағдан 15-20% арзан бағамен сатылады. Шара сонысымен талайды тамсандырады. Мысалы, мұнда жылқы еті – 2700, сиыр мен қой етінің келісі 2100 теңгеден саудалануда. 1-ші санаттағы жұмыртқаның ондығы – 400, үйдің майы 3800 теңге тұрады.

– Барлығы арзан. 40 Тауық етінің келісін 1000 теңгеге алдым. Сүт 200 теңгеден. Біз сияқты зейнеткерлерге өте тиімді жәрмеңке.
– Қазір сиыр мен жылқы етін аламын. Бәрі арзан. Халыққа жақсы болды. Жәрмеңкеге бірінші рет қатысып тұрмын.
– Жаңа келдім. Бағалар арзан көрінеді. Етті 2600-2800 алатынбыз. Мұнда 2100 дейді.

Жәрмеңкеге арнайы келген облыс әкімі Айдарбек Сапаров шатырларды аралады. Саудагерлермен тілдесіп, баға жайлы сұрастырды. “Александровское” серіктестігінің өнімдері жәрмеңкеге 2001 жылдан жеткізіледі. Қазіргі таңда М.Жұмабаев ауданында орналасқан шаруашылықтың облыс орталығында тұрақты тұтынушылары да бар.

ВЯЧЕСЛАВ ЧЕРНЫШОВ, «Александровское» ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Жәрмеңкеге 8 бас ірі қара, 5 бас қой етін әкелдім. Одан бөлек сұйық май да бар. Баға біздің де, қала тұрғындарының да көңілінен шығып жатыр. Қосымша ет әкелу үшін ауданға тағы көлік жібердік. Жәрмеңкеде сауда қызу жүріп жатыр.

Жалпы, бұл – облыс орталығында биыл өтіп жатқан екінші ірі көлемдегі жәрмеңке. Бұған дейінгі шара наурыз айының ортасында ұйымдастырылған еді.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Жәрмеңкеге 70-тен астам серіктестік қатысуда. Өнімнің көлемі 100 тоннадан асады. Айта кету қажет, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері қаламыздағы ірі базарларда сенбі сайын өткізіледі.

Жәрмеңкеде жерлестеріміз тек сауда жасап қана қоймады. Дәмі тіл үйіретін кәуәп пен палаудан дәм татты. Сондай-ақ, жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалады. Жалпы, жыл басынан бері шаһар базарларында 50 жәрмеңке өтті. Барлығы – 200 млн теңгенің 200 тонна өнімі сатылды.

 

Алдияр Айтпаев