Қоғам

Орталық алаңда Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтті

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:
план, Қазақстан халқының бірлігі күні қаламыздың орталық алаңында да аталып өтуде. Мұнда жиналған теріскейліктердің қарасы қалың. Бәрі мәз мейрам. Оларға арналып мұнда қызыққа толы бағдарлама ұйымдастырылған.

Бастысы, көпшілік татулықтың жарқын көрінісін көрсетуде. Мерекені барлығы бір адамдай тойлауда.

– Құрметті отандастар! Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі құтты болсын. Дос болайық, тату болайық. Осындай керемет мейраммен барлығыңызды құттықтаймын.
– Бүгін жарқыраған күннің көзі, бәріміздің көңіл күйіміз мерекелік. Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні! 

Шынымен де тамашалайтын дүние жетерлік. Біреулері мерекелік концертті тамашалап, дәмді тағамнан ауыз тиіп жатса, екіншілері ұлттық ойындардан бақтарын сынап жатыр. Базарбай Нұғұманов тоғыз құмалақтан сынға түсуде. Теріскейлік бұл ойынның тарихы терең дейді.

БАЗАРБАЙ НҰҒҰМАНОВ, қала тұрғыны:

– Естуім бойынша ерте заманда шах пен хан кездеседі екен.Шах шахматты береді, хан оны шешеді. Тоғызқұмалақты хан шахқа жібергенде ол оны шеше алмаған екен. Сондай аңыз бар екен. Бүгін түрлі ұлттық ойындар, тоғызқұмалақ, асық ойналып жатыр. Жастарға айтарым, ұлттық ойындарды дамыту керек. Себебі, ол – өте жақсы интеллектуалды ойын.

Ал жақын жерде асық атудан қызу ойын жүріп жатыр. Бағын сынап көргендердің бірі – Дмитрий Грищенко. Азаматты бұл ұлттық ойын түрі бала кезінен қызықтырады екен.

ДМИТРИЙ ГРИЩЕНКО, қала тұрғыны:

– Мектепте оқып жүргенде жиі асық ойнайтынбыз. Үзіліс сайын ұлдармен дәлізге шығып, бағымызды сынайтынбыз. Жаңа ойнап жатқанда бала кезім есіме түсті.

Орталық алаңға кіре бергенде бой көтерген киіз үйлерді көруге болады. Мұнда нәзікжандылар ұлттық оюмен тігін тігіп, күй тартып отыр. Жалпы, петропавлдықтар мен қала қонақтары бұл күні бір-бірін мерекемен құттықтады.

 

Самал Жунусова