Мәдениет

Оқушылар арасында облыстық ұлттық мәдениеттер фестивалі өтті

Күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілер. Облыс орталығында шығармашыл ұл-қыздар арасында «Радуга» облыстық фестивалі өтті. Дәстүрлі шара 3 номинациядан тұрад: вокал, аспаптық орындау және хореография. Осы аталғандардың ішінен аспаптық орындаудан балалар көптеп қатысуда.

Сахнада өнер көрсетіп жатқан – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы Ақбота Акимбекова. Бұрымды қыз сахнаға 6 жасынан шыға бастаған. Ол қазір халық әні «Әдемі қыз» әнін орындауда. Бұл әнді таңдаудың өзіндік себебі бар.

АҚБОТА АКИМБЕКОВА, фестивальге қатысушы:

– Бұл – ән менің анамның сүйікті әні, үйде осы әнді көп тыңдайтын.

Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының дарынды оқушылары “Қазақ осы” атты әнін орындауда. 6 баладан құралған “Дәстүрлі әншілер” тобында Мирас Жолдыбайдың өнер көрсетіп жүргеніне 3 жыл болыпты.

МИРАС ЖОЛДЫБАЙ, фестивальге қытасушы:

– Менің домбырамен айналысып жүргеніме – 3 жыл. 7 жасымда атаммен телевизордан домыра туралы бағдарлама көрдім. Содан кейін маған домбыра қызық болып кетті. Домбырада ойнаған өзіме қатты ұнайды. Қолдарым ауырмайды.

Фестивальде орыс, белорус, еврей, татар ұлттарының билері биленді. Жамбыл ауданынан келіп отырған “Казанские ложкари” би ансамблі көрермендерге өз өнерлерін паш етуде.

АРСЕНИЙ АДАМ, феситивальге қатысушы:

– Жаным шығармашылыққа жақын. Менің бұл топқа қосылғаныма көп болған жоқ. Ағаш Қасықтарды музыканың ырғағына сай ұру қажет әрі баяулық танытып, қалыс қалып қоймау керек. Өзіме бұл өнер түрі ерекше ұнайды.

Қазылар алқасы балалардың орындау деңгейі мен сахналық костюмдеріне мән береді. Айтуларынша, бүгінде оқушылардың шығармашылыққа деген қызығушылықтары артып келе жатыр.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:

– Былтыр аспаптық орындаудан 5 ансамбль болса, биыл 9 ансамбль қатысып отыр. Бізде апта, ай сайын байқаулар өтеді. Бұған қатысамын деген оқушылардың деңгейі артып келеді.

Байқауға 250-ден астам ұл-қыз қатысты. Шара соңында жеңімпаздар әр номинация бойынша марапатталды.

 

Гульден Симбаева