Экология

Облыс орталығында 300 көшет отырғызылды

Облыс орталығында сенбі күні 300 көшет отырғызылды. Мамыр айындағы мерекелерге орай ұйымдастырылған шара қос шағын ауданда өтті. Ағаштар Жеңіс саябағына және М.Жұмабаевтың ескерткіші маңына егілді.

Шаруа Жеңіс саябағында қызған. Мұнда қалалық және облыстық мәслихат депутаттары тер төгуде. Халық қалаулылары 150 түп шырша көшетін отырғызбақ. Азаматтар іске білек сыбана кіріскен. Бірі қолға күрек ұстаған, енді бірі жасыл желектерге су тасып жүр. Айналаны көгалдандыру жұмысына Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының директоры Мақсат Құдратуллаев та ат салысуда. Азамат сенбілік сынды қоғамдық шаралардың біреуінен де шет қалмайды.

МАҚСАТ ҚҰДРАТУЛЛАЕВ, Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының директоры:

– Сенбілікке шығып, табиғат аясында жұмыс істеуді жөн көрдік. Аумақтың қоқысын жинап, шырша ағаштарын отырғызып жатырмыз. Саябақтың көркеюіне үлес қосқымыз келеді. Себебі, өсіп келе жатқан балаларымыз осы паркте серуендеп, таза ауамен тыныстауы керек. Әр азаматтық позициясы бар адам далаға шығып, қаламыздың көркеюіне өз үлесін қосып жатыр.

Қаланы абаттандыру мен санитарлық тазалау акциясы 8-ші сәуір күні басталды. Шараға жергілікті атқарушы орган өкілдері мен полицейлер барлық бизнес субъектілерін тартқан. Қоғамдық жұмысқа мемлекеттік орган қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар да қатысуда.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Жалпы, сәуірдің 8-інен Петропавлда бейсенбіліктер мен сенбіліктер белсенді түрде өткізілуде. Қаланың саябақтары, скверлері мен орталық көшелері қоқыстан тазартылып жатыр. Шаһардан 2800 текше метр қоқыс шығарылды.

Қалада жиектастарды ағарту-бояу, аялдамаларды жуу ісі жалғасуда. Қоқыс үйінділерімен күрес жұмыстары да ұмыт қалмады.

 

Алдияр Айтпаев