Қоғам

Саяжайларға автобус қатынайды

Мамырдың 1-інен бастап саяжайларға автобус қатынай бастайды.
Қоғамдық көлік күн сайын таңғы сағат 8-ден түнгі 10-ға дейін жүреді. Бау-бақшаға шығатын көліктердің саны – 13. Жол жүру құны – өзге қоғамдық көліктердегідей 80 теңге, қолма-қол төлесеңіз, 130 теңгені құрайды.

ГАЛИНА СЕМЁНОВА, «СҚО Автокөлік одағы» қауымдастығының төрағасы:

– Бір бағытта екі автобус жүруі мүмкін. ТҮКШ бөлімінің мамандарымен, тасымалдаушы кәсіпорындармен және бау-бақша қоғамдарының төрағаларымен жалпы жиналыс өткізілді. Онда қозғалыс кестесі талқыланып, төрағалардың өтініші бойынша түзетулер енгізілді. Осыған байланысты алдағы уақытта тағы да өзгерістер болуы мүмкін.

Өсімдік егумен айналысатын жандардың көбісін автобустардың жүру тәртібі қызықтырған. Қалада 130-дан аса бағбандық қоғам бар.

ВАСИЛИЙ РОТАРЬ, қалалық бағбандар бірлестігінің төрағасы:

– Іс жүзінде 119 қоғам жұмыс істейді. Бұл – 3-тен 5 сотық жерге дейінгі 30 мың учаске. Соның 95-іне су тартылған, 92 қоғам жарықпен қамтылған. 13 қоғам қалалық су жүйесіне қосылған. Бос учаскелерді алуға ниетті жандардың қарасы қалың. Жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, 700-ге жуық саяжай тіркеуде тұр.

Сонымен қатар, мамыр айында саяжайларға кіреберіс жолдар жөнделеді.

 

Гульден Симбаева