СҚО әкімдігі

Облыс әкімі Шал ақын және Тимирязев аудандарының тұрғындарымен кездесті

Ең алдымен облыс әкімі «Петропавл-Жезқазған» бағытындағы республикалық маңызы бар тас жолда жүргізілген жөндеу жұмыстарын көрді. Былтыр 6 шақырымды құрайтын жолды қайта қалпына келтіру жұмыстарына 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Мердігер компания бүгінгі күні соның 350 млн теңгесін игерген. Мына тозығы әбден жеткен жолдың ұзындығы шамамен 2 шақырымды құрайды. Шұңқырлар мен ойықтардан өту үшін жүргізушілер көп уақытын жұмсап, темір тұлпарларына зақым келтіруге мәжбүр. Бұдан бөлек, жөнделген жолдың өзі де сын көтермейді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Республикалық жолдардың барлығы шұңқыр-шұңқыр болып қалған. Жұмыс жоқ. Инспекция тексермейді. Оның барлығы біздің мойнымыздағы жауапкершілік қой. Бірінші, сіздер республиканың представительствосы осы арада. Қалай жасамақшысыздар?
– Енді биылғы таңда лаборатория бүкілі тексерісте. Бұл жолы әлі эксплуатацияға берілген жоқ. Бүкіл дефектілерді өз мойындарына алады.
– Гарантия неше жыл? 2 жыл.

«Асар Север» ЖШС-і алқаптарда ылғал жауып жатыр. Қазіргі таңда жұмыстың 60 пайызы аяқталған. Серіктестік бұл жұмысты осы айдың аяғына дейін бітірмек. Аграрий 3 мың гектар алқапқа арпа мен бидай егеді. Көктемгі дала жұмыстарына серіктестік дайын. Ал, Мерген ауылындағы мына спорт кешенінің құрылысына «Гермес-Агро» ЖШС-і өз қалтасынан 55 млн теңге көлемінде қаржы шығарған. Кәсіпкер Сергей Окунев ауылды дамыту мен көркейту жұмыстарынан қалыс қалмайды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауылды жерлерде кәсіп дөңгелетіп отырған әр серіктестік басшысы елді мекеннің гүлденуіне өз үлесін қосуы тиіс. Кәсіпкерлерде әлеуметтік жауапкершілік деген болуы керек. Мектеп оқушылары үшін жағдай жасалған, асфальт төселген, үйлер салынып жатыр. Мұның барлығы ең алдымен осы ауылдың тұрғындары, осы серіктестікте еңбек ететін жандар үшін жасалып жатыр.

Бірақ, жергілікті фермер шеше алмайтын мәселе бар. Бұл – медициналық пункт салу. Облыстық денсаулық сақату басқармасы басшысының айтуынша жобалық-сметалық құжат дайын. Медициналық нысанның құрылысы 2024 жылы қолға алынбақ.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртудың Ұлттық жобасына сәйкес 2024 жылы медициналық нысанның құрылысын бастаймыз. Ол үшін мектептің жанынан арнайы орын бөлініп, жер учаскесі анықталды.

Өңір жетекшісі Тимирязев ауданы Степное ауылының тұрғындарымен де кездесті. Мұнда 2 ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші және бірнеше шағын өндіруші жұмыс істейді. Облыс әкімі ауылды тек бірлескен күш-жігермен ғана дамытуға болатынын атап өтті. Елді мекенде жастарға арналған бос уақытты өткізу орталығы жоқ. Ауылішілік жолдың да сапасы сын көтермейді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздердің мына ауылдағы көше. Биыл беріп, сразу жасаймыз деп айта алмаймын. Бірақ, проект дайындасын. Ендігі утвержденный бюджетке қосып, көшеден бастап асфальт сала бастаймыз ендігі жылы.

Биыл Тимирязев ауданы өзінің 60 жылдық мерейтойын тойламақ. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қолдауымен аудан орталығында орталық мәдениет және демалыс саябағын құру туралы шешім қабылданды. Мұнда шырша, қарағай, қайын сынды жасыл желектің 650 көшеті егілмек. Осыдан кейін заманауи орындықтар, шамдар және беседкалар орнату жоспарланған. Кездесу барысында өңір басшысы Айдарбек Сапаров та ағаш отырғызуға қатысты.

Кейін Айдарбек Сапаров «Есей-Агро» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Сонымен қатар, облыс әкімі ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен де кездесті. Фермерлер көктемгі дала жұмыстарына әзір екенін айтты.

 

Алдияр Айтпаев