Мәдениет

Кітапхана түні

Қиял-ғажайып пен құпияға толы уақыт. Әдетте, кітапхана кешке таман өз жұмысын тоқтатады. Бірақ, бүгінгі сәт мүлдем өзгеше.
Облыстық кітапханада кешкі сағат 7-де бастау алған шара түнгі 10-ға дейін жалғасады.

ҚАЙЫРЖАН МӘЛІКОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім жетекшісі:

– Бұл шара жерлесіміз, даңқты ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай өткізіліп жатыр. Кітапханамызда бірнеше жылда бір рет өткізілетін шара бұл жолы ақиық ақынымыздың шығармашылығын, халқына жасаған қызметін насихаттауға арналды.

Ән-би, айтыс, әдеби квест, конкурс, театрлық көрініс, сурет салу.
Кітапханашылар әзірлеген бағдарлама ауқымды. Айтуларынша, бүгін 3 мыңға жуық адам келген. Ата-аналарымен бірге келген балалар да аз болған жоқ. Олар шеберлік сағатына қатысып, сырнайлар көрмесінде ерекше әуен тыңдаса, енді біреулері беттерін аква-гриммен безендіріп мәз.
Көпшіліктің назарын аудартқан бөлме – “Әлемдік әдебиет” залы. Мұндағы шара қиял-ғажайып жанрындағы “Гарри Поттер” туындысына негізделіп құрылған. Қызығушылығы зор
көрермендердің қарасы қалың. Сиқырға толы әлемнің жанкүйерлері аниматорлармен бірге квест ойнады.

АРТЕМИЙ ДЗЮБА, оқушы:

– Мен бүгін Гарри Поттердің киімін келдім. Киносын көрдім, кітабын оқыдым. Маған ерекше ұнайтын кейіпкер. Мына зал да осы туындыға сай әдемі безендірілген екен. Кітаптары да көп.

СТАНИСЛАВ АНИЧЕНКОВ, аниматор:

– Бүгінгі шара өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Балалардың барлығы аталған шығармамен жақсы таныс. Ойынға зор қызығушылықпен таласа қатысты. Шара алдағы уақытта жалғасын табады деп ойлаймын.

Бұл түні облыстық кітапхананың жарығы көпке дейін сөнбеді. Белсене қатысқан жандар дипломмен марапатталды әрі сыйлықтар берілді.