Экология

Қайың шырынын жинауға заңмен тыйым салынған

Қар еріп, табиғат ана оянған шақта қайың шырыны үшін орманға асығатындар бар. Бұған осыдан 20 жыл бұрын заңмен тыйым салынғанын білген жөн. Алайда, оны көбі елей бермейді. Оған мына факті дәлел. Шамамен 1-2 сағат бұрын қаланың іргесіндегі Куйбышев орман шаруашылығында бәз біреулер болып, бірнеше ыдысты тесілген ағаш түбіне қойып кетіпті. Шырын тамшылап ағып тұр.

АЙНҰР ӨМІРЗАҚОВА, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

– Шырын жинауға келген адам қайыңға зақым келтіреді. Өткір дүниден түскен із біразға дейін кетпейді. Салдарынан ағаш құрғап кетеді. Ауруға ұшырап, бірнеше жыл ішінде жапырақ жаюуын тоқтатуы да мүмкін. Осы орайда айта кетейін, шырынды жинауға болады. Ол үшін орман шаруашылығынан билет алу керек. Оның құны жүздеген теңге ғана тұрады.

Билет белгілі бір ормандарға ғана беріледі. Бейінді басқарма өкілінің айтуынша, рұқсат қағазы тек алдағы 5 жылдың ішінде кесілетін аумақтарға рәсімделеді. Оны алу барысында шаруашылық мамандары тұлғаға шырынды жинау ережелерін де түсіндіреді. Ал заңға бағынбағандар айыппұл арқалайды. Сомасы әр түрлі.

АЙНҰР ӨМІРЗАҚОВА, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

– Егер жеке тұлға заң бұзса 34 500 теңге көлемінде айыппұл арқалайды. Кіші кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, орта кәсіпкерлік иелеріне – 50, ал ірі статустағы тұлғаларға 100 айлық көрсеткіш көлеміне айыппұл салынады. Қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Егер азамат қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтірсе, тиісті баппен жазаланады.

Өткен жылы өңірімізде қайың шырынын заңсыз жинаудың тек 2 фактісі тіркеліпті. Заң бұзғандарға 50 мың теңгеден астам айыппұл салынған екен. Биыл облыста ондаған жедел-алдын алу тобы құрылыпты. Олар тәртіптің бұзылмауын қатаң күзетуде.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Түсірілім барысында велосипед тізгініндегі азаматты көзіміз шалды. Біз орманнан шыққанша әлгі адам жолдың бойымен қалаға қарай кетіп қалды. Күдікке сол кісі ілініп отыр. Қайың – сыртынан қатты болып көрінгенімен өте нәзік ағаш. Орманды аралап жүріп бірнеше ауру ағашты кездестірдік. Осылай зардабымызды тигізе беретін болсақ, орманның ішінде ауру ағаштардың артатыны түсінікті. Сондықтан, табиғатқа қамқор болайық.

Қала іргесіндегі жайтқа қатысты басқарма өкілі Куйбышев орман шаруашылығына хабарласты. Нәтижесінде мұндағылар биылдыққа рұқсат билеті берілмегенін мәлімдеді. Жауапты сала өкілдері аумақты күзетіп, шырын үшін бірнеше қайыңға залал келтірген тұлғаны анықтап көрмек.

 

Байболат Култанов