Экология

2-ЖЭО-да ауаны ластаушы заттар шығыны 27,8% төмендеген

Атмосфераны ластайтын өңірдегі ең ірі кәсіпорын – облыс орталығындағы 2-ЖЭО. Аталған қуат ошағына жалпы ластаушы заттар шығынының 66 пайызы тиесілі. Өзекті мәселемен экология департаменті күресіп жатыр. Жоспарланған шаруа бірнеше жылды қамтиды.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

– Экологиялық заңнама нормаларын сақтау мақсатында АҚ 2022-2026 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірленді. Ең маңыздылары: қазандық агрегаттарын қайта құру, жанармай тасымалдау цехы аспирациялық жүйелерінде шаң-газ тазарту жабдықтарын орнату.

Жоспарланған жұмыс біртіндеп атқарылып жатыр. Нәтиже де бар. Былтыр орталықтың 6 бірдей қазандық агрегатының қыздыру беттері қалыпқа келтірілген. Төккен тердің арқасында көмір тұтыну көрсеткіші 22 мың тоннаға азайыпты. Сонымен қатар, ластаушы заттардың шығыны да біршама төмендеген.

НИКОЛАЙ МАКСИМОВ, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы:

– Қолда бар сандарды салыстыратын болсақ, былтыр 21-ші жылға қарағанда ластаушы заттардың 27,8 пайызға аз шыққанын көреміз. Көрсеткіш 25,4-тен 18,3 мың тонннаға төмендеген. Кәсіпорын табиғатты қорғау мақсатында өзге де бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Мысалы, былтыр біздің ұйым 1400 түп көшет екті.

Сөз соңында Николай Максимов жоспармен де бөлісті. Биыл кәсіпорын біраз істің басын қайырмақ. Атқарар шаруаның ішінде №3 мұржаға қалдықтарды автоматты түрде есептейтін жүйе орнату да бар.

 

Байболат Култанов