Қоғам

Ел әскерін дамыту

Ел әскеріне ерекше көңіл аудару қажет. Бүгін орталық коммуникациялар қызметі алаңында әскерді даярлаудағы жаңа тәсілдер сөз болды. Қазіргі таңда еліміздің қарулы күштері әлемдегі болып жатқан жайттардан сабақ алып, тәжірибе толықтыруда.

ДӘУРЕН АБДУЛЛИН, ҚР Қарулы күштері Бас штабы Жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары:

– Соңғы 2 жылда Қарулы күштердің құрылымы және дамуы бойынша ауқымды жұмыс атқардық. Жаңа мемлекеттік жоспарлауға сәйкес әскери қауіпсіздік саласы жөнінде құжаттар қайта әзірленді. Мемлекет басшысымен Қарулы күштердің даму тұжырымдамасы белгіленді. Әскери доктринаны қайта жандандыру жұмыстары жүргізілді. Қарулы күштердің құрылымы жетілдірілуде. Өңірлік қолбасшылықпен десанттық шабуылдау әскерлерінің жауапты аймақтары нақтыланды.

Бір сөзбен айтқанда әскер қайта құрылмақ. Процесс күрделі. Себебі, технологиялар күн санап дамуда. Ұрыс жүргізу қимылдары да өзгерген.

ҚАНЫШ ӘБУБӘКІРОВ, ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары:

– Қазіргі заманда соғыстар – ақпараттық, радиоэлектронды киберкеңістікте. Осындай жауынгерлік қақтығыстардың өзгеруімен құрлық әскерлерінде қазіргі қауіп-қатерлермен күресу әдістерін қайта қарау және жетілдіру қажет. Тактикалық және стратегиялық мақсатқа жету бойынша тапсырмаларды тиімді және уақытылы орындау үшін әскерлердің даярлығында да жаңа тәсілдер талап етіледі.

Қазіргі таңда елде көктемгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Жоспар бойынша бұл шара негізінде ел әскері 18 мың сарбазбен толығуы керек. Бірақ, жастардың біразы Отан алдындағы борышын өтеуге асығар емес. Бірі тұрғылықты мекенжайынан басқа жерде жасырынса, енді бірі өзге мемлекетті паналап жүр екен.

 

Алдияр Айтпаев