Экология

Жағымсыз иіс жайлады

Петропавлды жағымсыз иіс жайлады. Бұл – жылдағы құбылыс. Қар суы жерге сіңіп, мұз еріген шақта қала сыртындағы биотоғаннан иіс тарайды. Оның мөлшері бүгін әскери академия аумағында жоғары болыпты. Алайда, түс ауғасын жағдай тұрақталды. Оны арнайы өлшеу аппараты да көрсетті.

Яғни, бәрі желге байланысты. Иіс желдің бағыты бойынша тарайды. Экологтар биотоған ауданында да болып, аппаратты іске қосты. Енді мұнда кеңінен тыныс алу мүмкін емес. Мұрынды тұмшалауға тура келді. Алайда, қондырғы болар-болмас қана өсім көрсетті.

ДАМИР ЖҰМАБАЕВ, СҚО бойынша экология департаментінің бөлім басшысы:

– Арнайы қосымшада микрограмма 8 екені көрсетілген. Бұл – норма. Бүгін нормадан сәл-сәл асу тіркелді. Алайда, ол жоғары ластануға жатпайды. Жоғары ластану көмірсутегі 80-ді құрағанда ғана болады. Иә, бүгін жағымсыз иіс сезілді. Бірақ, бұған біз дабыл қаға алмаймыз.

Жергілікті билік мәселемен күреспейді емес, күресіп жатыр. Проблеманы шешуге осыдан бірнеше жыл бұрын кірісті. Қолданыстағы әдістің бірі – сонау 50-ші жылдардан бері тазаланбаған биотоғанға хлорелла жіберу. Аз да болсын нәтиже бар. Оны арнайы орталықтың мамандары байқапты.

АЛЕКСАНДР РЕЙБАНД, «Су ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС директоры:

– Осыдан бір-екі жыл бұрын ауадағы көмірсутегінің көрсеткіші 49-ға дейін жетті. Сонда жағымсыз иіс 1 жарым ай тұрды. Биыл олай болуы тиіс емес. Мұздың еруіне және желдің көтерілуіне байланысты бүгін бәріміз мұрнымызды тұмшалауға мәжбүрміз. Күн жылынған шақта хлорелла жұмысына кіріседі. Соның әсіресінен иіс біртіндеп азаяды.

Іске жауапты мамандар күресті жалғастыра бермек. Тұрғындардан түсіністік танытуды сұрайды.

 

Байболат Култанов