Ауыл шаруашылығы

Биыл облыста 9 тауарлы-сүт фермасы қосылады

Шал ақын ауданындағы тауарлы-сүт фермасының құрылысы өткен жылдың күз мезгілінде басталған. Қазір кәсіпорынды іске қосу үшін қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Күні кеше фермаға Чехия елінен симментал, голштейн тұқымды 122 сиыр әкелінді.

НҰРГЕЛДІ ЕСІЛБАЕВ, «ZHA – GROUP LTD» ЖШС басшысы:

–  «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 400 миллион теңге несие алдық. Бір сиырдың құны – 2500 еуро. Негізі, 400 сиыр алуды жоспарлағанбыз. Бірақ, енді біз оны 1000-ға дейін көбейтуді мақсат етіп отырмыз.

СҚО сүт өндіруден республика бойынша алдыңға орында келеді. Өңірде соңғы бес жылда 30 сүт фермасы іске қосылған. Барлық жобалар мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Мәселен, 2021-2022 жылдары 35 млрд теңге инвестиция құйылды. Биыл тағы 17 млрд теңге бөлу жоспарланған.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы:

– Соңғы 5 жылда облысқа 16 мыңнан астам ірі қара әкелінсе, оның 13 мыңы сүтті бағытта. Сондай-ақ, биыл 15 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Оның 9-ын биыл іске қоспақпыз.

«ZHA – GROUP LTD» ЖШС басшысының айтуына қарағанда салынып жатқан тауарлы-сүт фермасы жыл соңында пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 50 шақты адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жұмысшылардың еңбекақысы мамандығына байланысты 100 мыңнан 350 мың теңгеге дейін болады. Ферма толық автоматтандырылады.

 

Алдияр Айтпаев