Балалар

Оқушылар жобаларын қорғады

Сәуірдің 22-сі – Халықаралық жер күні. Осы орайда Петропавлда “Жанды планета” атты форум өтті. 5 аудандық және осынша қалалық мектептен келген 100-ден аса оқушы қатысып жатыр. Олар өздерін болашақ эколог және өлкетанушы ретінде таныстыруда.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:

– Форумның негізгі мақсаты – жалпы Қазақстанның экологиясын қорғауға, мәдениетін дамытуға арналған. Форумға жыл сайын облыстар мен қала мектептері келіп қатысып жатыр. Деңгей әр жылы әр түрлі, дегенмен, жылда қатысушылардың өзінің бір ерекшелігі бар деп ауыз толтырып айта аламын.

Жобалар “Zhasyl El”, “Eko-Bolashak”, “GREEN OASES”, “Туған өлкенің бояулары” және “Экотеатр” атты бес номинация бойынша бағаланады. Қатысушылар макет, слайд секілді материалдарды пайдаланды. Ереже бойынша жобаны қорғау 10 минуттан аспауы керек. Бұл форумға 12-ден 17 жасқа дейінгі білім алушылар қатысуда.

ТЕМІРЛАН ТАСБОЛАТОВ, И.Шухов атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының оқушысы, Жамбыл ауданы:

– Командамызбен бұл сайысқа екі апта көлемінде дайындалдық. “Қазақстан табиғатына қамқорлық” тақырыбында қысқаша көрініс әзірледік. Бірінші рет қатысып жатырмыз. Жетекшіміз көмектесті. Сонда да нәтижесі қалай болар екен деп қобалжып тұрмын.

Шал ақын ауданының оқушылары Рамина Магарамова мен Анастасия Липчак бірлесіп өз жобаларын ұсынды. 8-ші сыныпта білім алып жүргендеріне қарамастан табиғатты қаз-қалпында сақтау үшін барынша тырысып-ақ жүр. Сергеевка қаласының ластануының алдын алу мақсатында шағын макет те әзірлепті. Жобаларын алдағы уақытта дамытпақ ойда.

РАМИНА МАГАРАМОВА, Е.Бөкетов атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары, Шал ақын ауданы:

– Біз жобаны бір ай көлемінде жасадық. Бөлшектерді өңдеп, көбірек материал жинауға тырыстық. Жоспар құрып, тұрғындар арасында сауалнама жүргіздік. Барлығы қоқыс мәселесін қозғады. Жобада Сергеевка қаласының экологиясына кеңірек тоқталдық.

Жастар Сергеевка қаласын таза ұстау үшін қоқыс жәшіктерін көбірек қойып, сенбіліктерді жиі өткізу қажет дейді. Конкурс соңында үздік жоба иелері дипломдармен марапатталады.