Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі өтті

Шаһар төрінде ауылшаруашылық көрме өтіп жатыр. Аграрилер назарына спорт сарайы маңында еліміздің түкпір-түкпірінен келген диллерлер трактор, комбайндарды тізген. Мұндағы тегеурінді техника көктемгі және күзгі-дала жұмыстарына арналған. Қостанайлық “Агромаш Холдинг KZ” кәсіпорны аққайыңдық диқандар үшін көліктердің түр-түрін жеткізіпті. Компания ел нарығында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында акционерлік қоғамнан шыққан ауыл шаруашылығы машиналары өзін жақсы жағына көрсеткен.

РАДИК ҒАЛИАСҚАРОВ, “Агромаш Холдинг KZ” АҚ СҚОФ директоры:

– Дән сіңіретін өңірлердің барлығында “Агромаш Холдингің” филиалдары бар. Компаниядан шыққан техниканы сатып қана қоймаймыз. Өз тауарымызға 2 жыл көлемінде кепілдік береміз. Ауытқу пайда болса, оны тегін қалыпқа келтіреміз. Біздің трактор, комбайндардың тегеуріні жоғары. Бағасы да қолжетімді. “Агромаш Холдингтен” технка алған кәсіпкерлерге мемлекеттен 30% субсидия бөлінеді.

Көрмеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты. Ол техника тізілген аумақты түгел аралап, диллерлермен тілдесті.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

– Өңірде көктемгі-дала жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр. Диқандар нәтижелі өнім алу үшін үлкен жұмыс атқаруда. Агроөнеркәсіптік кешен – бұл өңір экономикасының негізі. Бұл сала жалпы өңірлік өнімнің 4/1 алады. Облыстың ауыл шаруашылығы саласында 4 мыңға жуық тауар өндіруші жұмыс атқаруда. Бүгінгі көрме жұмысына сәттілік тілеймін.

Тегеурінді техникадан бөлек көрмеде тыңайтқыш түрлері мен арнайы жабдықтар да бар. Заманауи дүниелер Оқушылар сарайының бірінші қабатында тұр. Мұнда да диллерлер жұмысқа кірісіп кеткен. Аққайыңдық аграрийлерге мамандар өз тауарларын ұсынып, оның басымдықтарын айтып, түсіндіруде. “Қазуглегумус” деп аталатын органоминералды тыңайтқыш астаналық “Көмір химиясы және технология институты” серіктестігінен жеткізілген. Қажетті зат көмір қалдығынан жасалады. Оны көкөніс пен жеміс-жидек, егін егу барысында қолдана беруге болады.

ЖАНАР ҚАСЕНОВА, “Көмір химиясы және технология институты” ЖШС директоры:

– Ең бастысы, бұл – органикалық табиғи өнім. Ішінде химиялық қоспалар жоқ. Тыңайтқышты пайдаланғаннан кейін өсімдіктердің сапасы жақсарады. Өнімділік артады. Бидайларда шығатын адамға зиян ауыр металдарды бұл тыңайтқыш шығарады. Топырақтың сапасын арттыруға да септігін тигізеді.

Мұндай кең көлемдегі ауылшаруашылық көрмесі Петропавлда екінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр.

ЛӘЙЛІМ ӘБДІРАХМАНОВА, аграрлық көрме ұйымдастырушы:

– Бұл шара аграрийлер мен диллерлер үшін өте тиімді. Диқандар техника алу үшін әр өңірге барып әуре болмайды. Көліктердің қауқарын осы жерден бағамдап, ұнағанын өздеріне сатып ала алады. Сондай-ақ, әріптестерімен көрмеде тәжірибе алмасуға да мүмкіндік бар. Мұндай шараны көктемгі-дала жұмыстарының алдында өткізуді жөн санадық. Себебі, аграрийлер үшін маңызды кезең.

Айта кету қажет, бұл көрмеге солтүстікқазақстандық 300-ден астам аграрий қатысуда.

 

Алдияр Айтпаев