Қоғам

Әткеншектердің қауіпсіздігі тексерілді

Бүгін орталық саябақтағы аттракциондар паркінде баладан ересек адамдардың саны басым. Бұл жандар өте жауапты жұмыс тындырып жатыр. Олар алдағы демалыста ұл-қыздар қауіпсіз ортада ойнап, күлулері үшін әткеншектерді тексеруде. Тексеріс жылдағы дәстүр бойынша жүргізіледі.

Көріп тұрғандарыңыздай, әткеншектерге қап салынады. Оның ішінде құм бар. Жүктің салмағы әр түрлі. Мысалы, “Шолу дөңгелегіндегі” әр кабинаға 200 келіден астам жүк ауыртпалық түседі. Осындай жағдайда аттракцион бірнеше сағат жұмыс істейді. Арасында мамандар тоқтатып, тексеріп тұрады.

ТАТЬЯНА КОЛЧЕВА, «Мир аттракционов» ЖШС қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженері:

– Бізге бірнеше жылдан бері Астанадан арнайы орталықтың өкілдері келіп жүр. Сол кісілер тексеріс шарасын ұйымдастырады. Барлығын мұқият қарайды. Әр әткеншектің өз паспорты барын айту қажет. Соған сәйкес, сынақтан өткізіледі. Іске біздің мамандар да қатысады.

“Шолу дөңгелегінен” соң мамандар балалар арасында жоғары сұранысқа ие мына әткеншекті тексермек. Құм салынған қаптар көліктен түсіріліп, орындықтарға қос-қостан қойылып жатыр. Олар біршама жеңілдеген. Тексеруші тарап аттракционның куәлігіне сүйеніп, әр қаптағы жүкті 20-30 келіге азайтқан екен. Көп кешікпей әткеншек іске қосылды. Биыл орталық алаңдағы саябақ өзгереді. Жауапты компания аумақты одан әрі көркейтуді жоспарлап отыр.

АЛЕКСАНДР КОЗЛОВ, «Мир аттракционов» ЖШС директоры:

– Биыл 4 жаңа аттракционды іске қосамыз. Оның 3-еуі – орталық саябаққа, 1-еуі “Жеңіс” саябағына қойылады. Олар балалардың да, үлкендердің де, көңілінен шығарына сенімдіміз. Қазір аумаққа кеспетас төсеу жұмысын қолға алдық. Бұл жерде 500 метрге төселеді. Саябақта балалар үшін жаз бойы түрлі шаралар да ұйымдастырамыз. 30-дан асқан тұрғындар үшін би кешін де өткізіп тұратын боламыз.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Орталық саябақтағы тексеріс шарасы бүгін және ертең жүргізіледі. Одан кейін мамандар “Жеңіс” саябағына бармақшы. 2 демалыс орнындағы тексеріс жұмыстары 3 күннің ішінде аяқталуы тиіс. Одан кейін сарапшы арнайы құжат береді. Ол құжатта аттракциондардың дайын немесе дайын еместігі жазылады. Алайда, осы күнге дейін дайын емес әткеншек тіркелмепті.

 

Байболат Култанов