Аптадағы маңызды жаңалықтарТКШҚоғам

Қоқыс шығару қызметі қымбаттады

Облыс орталығында қоқыс шығару қызметі қымбаттады. Жаңа тариф мамыр айынан күшіне енеді. Көпқабатты үйлерде тұратын жандар енді 480 теңге, ал жер үйдегі жерлестеріміз 510 теңге төлейді. Бұл – жан басына шаққандағы баға. Бұған дейінгі төлем 220 теңгені құраған болатын, сонда қызмет құны 2 есеге жоғарылап отыр.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

– Қатты тұрмыстық қалдықты шығару бойынша тариф 2018 жылы бекітілді. Сол уақыттан бері көтерілген жоқ. Жанар-жағармай мен техниканың және қосалқы бөлшектердің қымбаттауына байланысты осындай өзгеріс орын алып отыр. Баға көтеру мәселесі өткен жылдан бері қозғалып келеді. Кеше қалалық мәслихат сессиясында жаңа тариф бекітілді.

Петропавлда қоқыс шығарумен 4 компания айналысады. Төртеуінің де жағдайлары мәз емес дейді. Бір “КоммунСевер” серіктестігінің өзінде полигонға қарайтын кәсіпорын мен автобөлшектер сататын дүкен алдында 10 млн теңгеге жуық қарызы бар.

МҰРАТ ЕСМҰХАНОВ, “КоммунСевер” ЖШС директоры:

– Біз 60 мың тұрғынға қызмет көрсетеміз. Автопарк тозып тұр. Ескі тариф жаңа көлік алуға мүмкіндік бермеді. Қолда бармен күнелтіп жүрміз. 8 сағаттық жұмыс уақытының жартысы техниканы жөндеумен өтеді. Жаңа тарифпен де су жаңа машина ала алмаймыз. Бірақ, 7 көлікке тағы біреуін қосамыз. Айта кету қажет, жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі. Техниканы реттеп, қарыздан құтылып, қаланы тап-тұйнақтай етіп тазалау үшін бірнеше ай керек.

Қызмет көрсететін компания алдында тұрғындардың да қарызы бар. Петропавлдықтар кәсіпорындарға 23 млн теңге берешек.

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Бұл – Амангелді, 160 мекенжайындағы көрініс. Көріп тұрғандарыңыздай, қоқыс жәшіктері лық толы. Тұрғындардың айтуынша жауапты компания қызметкерлері соңғы рет қалдықтары кеше тиеп әкеткен. Ал бүгін техника байқалмапты.

Қызмет құнының жаңа бағасын естіген бұқара пікірі екіге бөлінді. Бірі қызмет сапасы жақсарса, өзгеріс оң десе, енді бірі жаңа тарифті қымбатсынуда.

– Бешеные деньги для пенсионеров.
– Өзгеріске қарсы емеспін. Бірақ, қоқыс уақытылы шығарылып тұруы керек. Сондай-ақ, жәшіктер маңында жатқан жиһаздар мен қатты заттар да шығарылса жақсы болар еді.
– Жалақы кішкентай. Бірақ, бәрі қымбаттап жатыр.

 

Алдияр Айтпаев