Білім

Қазақ тілінен тегін курс өтуде

Петропавлда қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен қазақ тілін оқытудан тегін курс өтіп жатыр. Тіл үйренуге 80-нен астам қала тұрғыны ниет білдірген. Жасқа байланысты шектеу жоқ. Шәкірттердің бірі қарапайым қызметкер болса, бірі – студент, бірі – оқушы. Лилия Семенова қазақ тілін жаттанды түрде емес, еркін меңгергім келеді дейді.

ЛИЛИЯ СЕМЕНОВА, қала тұрғыны:

– Мен жанымда жүрген адамдарды түсінгім келеді. Жұмыста, күнделікті өмірде қатарынан екі тілде сөйлеп жатсам, бұл мен үшін зор жетістік болар еді. Негізі, қазақ тілінде аз-маз түсінемін, көсіліп сөйлей алмаймын. Осы сабақтарға қатысудағы мақсатым – қазақ тілінен білімімді молайту.

Курстың алғашқы дәрісі әліпби жаттаудан басталыпты. Қатысушылардың сабаққа деген белсенділіктерінен мемлекеттік тілді үйренуге деген зор ынталарын байқауға болады. Қазақ тілі пәні оқытушысы Назгүл Баекина 2 топқа сабақ береді. Бірінші топ орта жастағылардан құралса, екіншісі кілең жастардан тұрады.

НАЗГҮЛ БАЕКИНА, қазақ тілі пәнінің оқытушысы:

– Ең бірінші сабақты танысудан бастадық. Топқа бөлінген уақытта оңай сұрақтарға жауап бере алмағандар болды. Қазіргі уақытта олар барынша жауап беруге, ойларын жеткізуге тырысады.

Қазақ тілін толыққанды меңгеру үшін оқыту екі кезеңнен тұрады. Біріншісі ақпан-мамыр аралығын қамтиды. Кейін шәкірттер жазғы демалысқа аттанып, қыркүйек айынан бастап сабаққа қайта қатысады.