Экология

СҚО-да экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев болды

Облысымызда экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев болды. Атқамінер жұмыс сапарын өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында қорытындылады. Журналистер алдында баяндама жасаған спикердің сөзінше, қазір аққайыңдар өлкесінде экологиялық жағдай тұрақты. Алайда, назар аударарлық мәселелер бар. Мысалы, аймақтағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының дені талапқа сай келмейді, қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі тек 18 пайызды құрайды.

НҰРКЕН ШӘРБИЕВ, ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі:

– Ғарыштық бақылау аясында өңірде заңсыз санатындағы 163 полигон анықталды, оның 98% жойылды. Су шаруашылығы саласында 3 жобаға 1,2 млрд теңге бөлу бойынша бюджеттік өтінім берілді. Қаржы Булаев, Есіл және Преснов топтық су құбырларының апаттық учаскелерін қалыпқа келтіруге бағытталмақ.

Мемлекет басшысы 2 млрд ағаш отырғызу бойынша тапсырма бергені мәлім. Президент пәрмені аясында былтыр өңірде 7 млн көшет егілген. Биылғы жоспар 23 млн-ды құрайды. Баяндамасында вице-министр облыстың балық саласын дамытудағы зор әлеуетін атап өтті.

НҰРКЕН ШӘРБИЕВ, ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі:

– Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бар. Өткен жылы бұл жоба аясында Солтүстік Қазақстан облысында 700 тонна тауарлық балықтың орнына 986 тонна өсірілді. Яғни, жоспар асыра орындалды. Ал 2023 жылға арналған жоспар 800 тоннаны құрайды.

Айта кетейік, өңірімізде экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев еңбек ұжымдарымен кездесті, жеке қабылдау өткізді.

 

Байболат Култанов