Мәдениет

Қалыңдық үйінде көрме қанат жайды

“Менің сүйікті қалам: тарих пен келешек”. Шаһардағы қалыңдық үйінде осындай атаумен көрме қанат жайды. Тарихтан сыр шертер ғимараттар мен орындар бейнеленген суреттерді мектеп оқушылары салған. Шараны өткізуге сәуірдің 18-і күні аталып өтілетін халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні арқау болған.

РАҚАТ МАМБЕТАЛИНОВ, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:

– Бұл мереке 84-ші жылдан бері жыл сайын аталып өтіледі. Осыған орай бізде ескерткіштер апталығы ұйымдастырылды. Оның негізінде 7 мен 14 жас аралығындағы балалар арасында сурет байқауын өткіздік. Бүгін жас суретшілердің туындылары көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазір жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттаймыз.

Екатерина Филимонова – сайыстың ең жас қатысушысы. Десе де суреті мұндағы ешбір еңбектен кем түспеді. Талантты жерлесіміз Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткішін қағаз бетіне дәлме-дәл түсірген. Бұл туындысы үшін оған ұйымдастырушылар сайыстың жүлделі 2-ші орнын берді.

ЕКАТЕРИНА ФИЛИМОНОВА:

Анаммен бұл ескерткіш маңынан жиі өтеміз. Суретті гуашпен боядым. 2 жылдан бері арнайы сурет мектебіне барамын. Бұл картинаны екі сабақ ішінде салып бітірдім. Бұдан басқа табиғатты, адамдар мен жануарларды салған суреттерім бар.

Сайысқа қала мектептерінің оқушылары ғана қатысқан. Көрмеге 50 жас суретшінің еңбегі ұсынылды.

– Өте тамаша көрме. Талантты балалар көп екен. Салған суреттері керемет әсерлі. Қызылжардың өткені де, бүгіні де суреттелген.
– Суреттер таң қалдырды. Балалардың қаламызды осындай әсем, көрікті қалпында көргендері қуантты. Талантты балаларға сәттілік тілеймін.

Қазіргі таңда өңірде мемлекет қорғауына алынған 600-ге тарта тарихи ескерткіш пен орындар бар. Оның 9-ы республикалық маңызға ие. Айта кетейік, облыста тарихи тұрғыда маңызы ерекше жерлерді анықтау үшін мамырдың 15-і күні арнайы құрылған экспедиция аудандарды аралауды бастайды. Яғни, алдағы уақытта аққайыңдар өлкесінде жаңа мәдени мұралар табылуы әбден мүмкін.

 

Алдияр Айтпаев