Өнеркәсіп

СҚО-ға Саха Республикасынан делегация келді

Солтүстік Қазақстанға Саха Республикасынан делегация келді. Инвестиция тарту жөніндегі агенттіктің бас директоры Анна Стручкова бастаған топ алдымен облыс орталығындағы “Масло-Дел” серіктестігінде болды. Мұнда құрметті қонақтарға өндіріс ошағы бастан-аяқ таныстырылды.

Қазақстан бойынша қуатты саналатын кәсіпорындағы қондырғылар бір сәтке де сөнбейді. Мұндағы мамандар тәулік ішінде төрт ауысыммен жұмыс істейді. Төккен тердің нәтижесінде мына зал дайын сүт өнімдеріне толып тұр. Табиғи таза тауар көп ұзамай вагондарға тиеліп, тапсырыс берушілерге жіберіледі.

Серіктестік тек ішкі нарықты қамтиды. Яғни, теріскейдің тауары экспортқа шығарылмайды. Сапалы өнім, жасалған жағдай мен ішкі атмосфера Анна Стручкованың көңілінен шықты. Тілшілермен тілдескенде азаматша таңданысын жасырмады.

АННА СТРУЧКОВА, Саха Республикасының инвестиция тарту жөніндегі агенттігінің бас директоры:

– Зауытқа жоғары баға берем. Технологиялық тұрғыда жақсы жарақталған, мамандары да білікті. Соның арқасында көл-көсір өнім шығарады. Мұндай кәсіпорындар азық-түлік қауіпсіздігі бірінші орынға шыққан қазіргі заманда аса қажет.

Тілдесу барысында делегацияға май экстракциялау зауыты жайлы да айтылды. “Масло-Дел” серіктестігіне тиесілі кәсіпорын келесі жылдың наурызында іске қосылмақ.

Саха Республикасының делегациясы өңірімізге арнайы жоспармен келіп отыр. Қонақтар ауыл шаруашылығы және өндіріс саласындағы біздің тәжірибемен танысып, өздерінде жүзеге асырмақ ниетте.

АННА СТРУЧКОВА, Саха Республикасының инвестиция тарту жөніндегі агенттігінің бас директоры:

– Саха Республикасы мен Солтүстік Қазақстан облысы арасында әріптестік жөнінде келісім бар. Соның аясында сіздердің өңірлеріңізге келіп, жобалармен танысуды жөн деп таптық. Біз аймақтарыңыздағы тауарлы-сүт кешендерін, өңдеу кәсіпорындарын және қолданыстағы қондырғыларды көргіміз келеді. Болашақта тәжірибені өзімізде жүзеге асырсақ дейміз.

Қонақтар Қызылжарға Мәскеу және Астана арқылы келіпті. Болашақта жол қысқаруы мүмкін. Қазір екі елдің билігі “Астана-Якутск” бағытында әуе кемесін ұшыру мәселесін қарап жатыр екен.

 

Байболат Култанов