Денсаулық сақтау

СҚО-да сәуір айында 3 адамды кене шаққан

Кенеден келер қауіп көп! Сәуір мен қазан аралағында адамдар аталған зиянкестен аса сақтануы қажет. Ағымдағы айдың өзінде 3 солтүстікқазақстандықты қауіпті жәндік шаққан. Дәрігерге жүгінгендердің екеуі – бала. Ал өткен жылы 700-ге тарта жерлесіміз зардап шегіпті. Мұндай жағдайға жайбарақаттылық танытпау қажет. Адам орын алған жайтқа селқос қараса, түрлі ауруға шалдығуы мүмкін. Ал оның салдары өкінішті аяқталуы ықтимал. Мысалы, кене энцефалиті атты инфекцияның өлімге әкеп соқтыратыны дәлелденген.

ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Кене энцефалитінің вирусы адамға негізінен иксод кенелері арқылы беріледі. Кенені езгенде немесе тістеген жерлерді тырнағанда вирус теріге жағылып, ауру пайда болуы мүмкін. 2022 жылы ересек тұрғындар арасында кене энцефалитінің 3 жағдайы тіркелді (Айыртау, Қызылжар, Петропавл), 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 6 жағдайға төмендеу байқалады (2021 жылы – 9 жағдай ересек тұрғындар арасында).

Кене негізінен қалың шөп пен ағаш арасында болады. Осыған байланысты Әсет Жұматаев тұрғындарды ұзын және ашық түсті киім киюге шақырды. Брифингіде қаузалған келесі тақырып – құтыру дерті. Қуанышымызға орай, өңірімізде мұндай ауру 98-ші жылдан бері тіркелмепті.

ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– 2023 жылдың 1 тоқсанында облыс бойынша 211 адам антирабиялық көмекке жүгінді, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 39,3 құрады.

Құтыруға қарсы ем жоқ. Ауруды тек вакцинация арқылы болдырмауға болады. Баяндамасында Әсет Жұматаев осыны да еске салды. Сөз соңында облысымызда қаңғыбас иттердің көбейгенін айтып, тұрғындарды, әсіресе, балаларды сақ болуға шақырды.

 

Байболат Култанов