Балалар

Оқушылар арасында өткен шығармашылық байқаудың қорытындысы жарияланды

Тізіліп тұрған қолөнер бұйымдары мен суреттер Ғарышкерлер күніне орай жасалған. Сегіз қырлы, бір сырлы балалардың туындылары алыстан көз тартады. Бүгін араларындағы үздіктер анықталмақ. Көп ұзамай қорытынды да белгілі болды. “Ғарыш” номинациясы бойынша Н.Крупская атындағы №10 орта мектебінің оқушысы Милана Кременская жеңімпаз атанды. Ол “Ғарышкердің тынысы” атты сурет салған.

МИЛАНА КРЕМЕНСКАЯ, байқауға қатысушы:

– Бұл суретті 2 апта бойы салдым. Ғарышкер Юрий Гагарин бейнеленген. Ғарыш біз үшін беймәлім болып қала береді. Сол себепті, өзімнің ойымнан неше түрлі фигураларды қостым. Маған тұңғыш ғарышкердің бет-жүзін салу аздап қиынға соқты.

Облыстық конкурс сәуірдің 3-і мен 12-сі аралығында ұйымдастырылған болатын. Оған 11 мен 16 жастағы оқушылар қатысты. Ұл-қыздар 2 номинация бойынша бақ сынады. Қос аталым бойынша барлығы – 200-ден астам еңбек қабылданған.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:

– Көптеген байқаулар ұйымдастырып жүрміз. Оқушылар белсенді қатысуда. Өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп отыр. Осы сәуір айында жоспар бойынша көптеген байқау ұйымдастырылмақ.

Жеңімпаздарға грамоталар электронды түрде жолданды.

 

Гульден Симбаева