Денсаулық сақтау

Астаналық ақхалатты Петропавлда тәжірибесімен бөлісуде

Астаналық ақхалатты Петропавлда білгенімен бөлісуде. Апта басында елордадан тәжірибелі акушер-гинеколог келді. Бүгінгі күні Ғалымжан Тоқтарбеков көпбейінді қалалық жедел жәрдем ауруханасында шеберлік сағатын өткізуде.

ҒАЛЫМЖАН ТОҚТАРБЕКОВ, “UMC” корпоративтік қорының әйел аурулары бөлімінің дәрігері:

– Гистероскопия отасын жасап көрсетіп жатырмын. Дәрігерлер оның өту барысын қадағалайды. Операция барысында мен мамандарға не істеу керектігін айтып отырамын. Шеберлік сағатыма 18 дәрігер қатысуда.

Гистероскопия бұл қынап арқылы жасалатын ота. Операция тіліксіз өтеді. Жатырдың ішкі құрылысына басында камерасы бар кішкентай құрал енгізіледі. Ішкі жағдайды дәрігерлер монитор арқылы бақылайды. Маман ауруды анықтап, жабдықтың көмегімен миоманы кесіп тастайды. Айта кетейік, бұрын бұл отаны жасау барысында мамандарға жатырды толық алып тастауға тура келген.

ҒАЛЫМЖАН ТОҚТАРБЕКОВ, “UMC” корпоративтік қорының әйел аурулары бөлімінің дәрігері:

– 50 жасқа дейінгі әйелдердің 30%-ында миома анықталады. Бірақ, барлық әйелдерге ота жасау қажет емес. Көп етеккір келіп жүрген әйелдер бізге келеді. Біз бірінші УЗИ-ға түсіреміз. Кейін жағдайға байланысты операция жасалынады. Жатырдың ішкі қуысына миома өссе, бедеулік те пайда болуы мүмкін.

Ал миома алынған соң бала көтеру мүмкіндігі қайта пайда болады. Жалпы, үш күн ішінде аталған ота 18 нәзікжандыға жасалған. Апта соңына дейін астаналық мейман тағы 10-нан аса әйелге операция жасауды жоспарлап отыр. Жалпы, бұл ота көп дегенде 30 минутқа созылады екен.

 

Алдияр Айтпаев