ТЖ

18-21 сәуір аралығында Есіл өзенінің Петропавлдағы тұсы көтеріледі

Көктемгі тасқын – күн тәртібіндегі басты мәселе. Сәтті саналатын сәрсенбіде өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында маңызды брифинг өтті. Журналистермен жүздесуде алдымен облыстың бас синоптигі Қымбат Мерғалимова баяндама оқыды.

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, «Қазгидромет» РМК СҚОФ директоры:

– Бүгінгі таңда су тасқынының шарықтау шегі Ғ.Мүсірепов және Шал ақын аудандарын басып өтті. Судың максималды деңгейі 8 сәуірде Сергеев су қоймасында байқалды. Көрсеткіш 996 см құрады. Яғни бөгеттің төбесі арқылы толып кету 196 см құрады. Қазіргі уақытта су тасқынының шыңы Есіл ауданында. Покровка ауылындағы гидрологиялық бекетте ең жоғары деңгей 1130 см 11-12 сәуірде тіркелді.

Үлкен көлемдегі су біртіндеп Петропавлға жетеді. Қала маңындағы деңгейдің көтерілуі осы аптада-ақ басталмақ. Максималды көрсеткіш сәуірдің 18-і мен 21-і аралығында 1050-1070 см-ді құрауы мүмкін. Судан келер қауіп бар.

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, «Қазгидромет» РМК СҚОФ директоры:

– Мұндай су деңгейінде Есіл өзені арнасынан асады. “Челябі-Новосібір” халықаралық маңызы бар автожолының 528 км-і, Бірінші заречная көшесі, Заречный кенті, Прибрежное ауылына баратын жол шайылуы мүмкін.

Бұл қауіп сейілгесін арқаны кеңге жаймау қажет. Тасқынның кезекті толқыны болады. Құбылыс өңір аумағында екінші онкүндіктің соңында байқалмақ. “Алайда, оның деңгейі біріншісіне қарағанда төмен болады”,- дейді Қымбат Мерғалимова. Өз кезегінде қазір құтқарушылар да күн-түн демей еңбек етіп жатыр. Жағдайды департамент бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов баян етті.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Қазір Айыртау ауданын мұқият бақылап отырмыз. Мұнда қардың деңгейі жоғары. Сонымен қатар, Тимирязев пен Тайынша біздің – жіті назарымызда. Соңғы аталған ауданға Ақмола облысынан су келеді. Әзірге, алаңдатарлық жайттар тіркелмеді.

Сөз соңында ауа райы жайлы аз-кем ақпармен бөлісе кетейік. Жақын арада өңірімізде бірнеше күнге температура төмендемек. “Бұл әлі еріп бітпеген қардың күрт еруіне әкелмейді”,- деді брифингке қатысушылар.

 

Байболат Култанов