Қоғам

Петропавлда жалпықалалық сенбілік өтті

Сенбілік Тұңғыш Президент саябағында өтті. Таңмен таласқан жұртшылық қолдарына күрек, тырма және қаптарын ұстаған. Саябақты қоқыстан, жапырақ пен шөп қалдығынан тазартты. Тазалыққа жаны құмар жандардың бірі – 16 жасар Карина Мейрманова да өз үлесін қосты. “Демалысымды пайдалы өткізгім келді”,- дейді ерікті.

КАРИНА МЕЙІРМАНОВА, СҚУ колледжінің студенті:

– Біз колледжден 5 адам болып келдік. Қаламыздың әрдайым таза болғанын қалаймыз. Сондықтан, осындай шараларға жиі қатысамыз. Жақында Пестрое көлінің айналасын жинадық.

Сенбілікке тек жастар ғана емес, жасы үлкен кісілер, ардагерлер мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Тазалық шарасына облыс әкімі Айдарбек Сапаров пен орынбасарлары да ат салысты. Қала әкімі Руслан Аңбаев та қоғамдық іске өз үлесін қосты. Жалпы, бұл саябаққа петропавлдықтармен қатар қала қонақтары да келетіні белгілі. “Сол себепті, бұл жердің таза болуы аса маңызды,”- дейді белсенді Жұлдыз Тоқтарғазы.

ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, СҚО қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

– Жұмысыма, отбасылық жағдайыма байланысты көп қалаларда тұрдым. Теріскей өңіріндегі тазалық жұмысының әрдайым қарқынды және уақытылы жасалатындығы маған өте қатты ұнайды. Бұл қала халқының ауызбіршілігін көрсетеді. Екіншіден, тұрғындардың тазалыққа деген сүйіспеншілігін дәлелдейді. Қаланың тазалығы – ең әуелі бізге және біздің ұрпақ үшін өте маңызды.

Саябақ іші мұнтаздай тап-таза болды. Тазалық шарасына бір кісідей қатысқан жандар күл-қоқысты жинап, буып қойды. Жиналған дүние арнайы техниканың көмегімен сыртқа шығарылды.

 

Аснурия Абдула