Қоғам

М.Жұмабаев ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Булаево қаласындағы теміржол вокзалының алды. Мұнда таңсәріден ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі бастау алды. Сатушылар табиғи өнімдерді қаз-қатар тізіп қойған. Алам деушілер жетерлік. Тауарлардың бағалары қалта қақпайды. Мәселен, жұмыртқаның ондығы 450-ден, 1 келі май 4 мыңнан, ірімшік 700-ден, ал сүттің литрі 200-ден сатылуда. Сарытомар ауылының тұрғыны Гүлнәр Өтеева сүт өнімдері мен жұмыртқа саудалауда. Келгеніне көп уақыт болмаса да тұрғындар май мен жұмыртқаны лезде сатып алып кеткен.

ГҮЛНӘР ӨТЕЕВА, Сарытомар ауылының тұрғыны, М, Жұмабаев ауданы:

– 20 минуттың ішінде 50 жұмыртқам мен ірімшігім сатылды. 12 келі майдың 6 келісі сатылды. Майды 4 мың дегем, 3800-ден саттым. Ірімшіктің бағасы – 700, сүттің 1 литрі 200-ден. Жұмыртқаның бағасы – 450. Майдыкы 4 мың. Жұрт көбінесе май мен жұмыртқа алып жатыр.

Бергі жақта ет сатылып жатыр. Бір келі сиыр еті шамамен 2 мың теңге тұрады. Аққайыңдық «Северный бройлер» серіктестігінің қызметкерлері құс етін әкелген. Құс етіне деген сұраныс көп. Өйткені, мұнда ұзын-сонар кезек құрылды.

РОМАН ШНАЙДЕР, «Северный бройлер» ЖШС қызметкері, Аққайың ауданы:

– Біздің серіктестікте өндірілген бройлер еті – табиғи таза өнім. Химиялық қоспасы жоқ. 1 келі құсты 1100 теңге деп қойдық. Мүшелеп те сатып жатырмыз. Құстың қанатының келісі – 1400, мойны – 600, ал кеуде тұсы 1700 теңге тұрады. Жәрмеңкеге шамамен 1,5 тонна ет әкелдік. Шамалы уақыттың ішінде жартысын сатып үлгердік.

Жәрмеңкеге 13 ауылдық округтің тұрғындары қатысып жатыр. Айтуларынша, мұндағы тауар түрлері нарықтағы бағадан 30 пайызға арзан.

МАҚСАТ ЕСЖАНОВ, Аққайың ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Үстелдің үстіне 30 түрлі өнім қойылған. Нарықтағы бағадан 30 пайызға төмендетіп сатылуда. Бұндай жәрмеңке жыл сайын ұйымдастырылады.

– Қаймақ пен ірімшік сатып алдым. Қазір 3 келі ет алу үшін кезекте тұрмын.
– Ет, май мен ірімшік алдым. Бағалары көңілімнен шықты. Қымбат емес.
– Жәрмеңкеге бірінші рет келіп тұрмын. Арзан сүт, жұмыртқа алдым. Арғы жақта бидай мен отын да сатылып жатыр екен.

Жалпы, жәрмеңкеде 54 тоннаға жуық өнім сатылды.

 

Гульден Симбаева