Денсаулық сақтауБалалар

СҚО-да 200-ге жуық бала аутизм дертіне шалдыққан

Петропавлда Аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай семинар ұйымдастырылды. Оған денсаулық сақтау саласының өкілдері, білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен ата-аналар шақырылды. Мамандардың айтуынша аутизм балалар арасында жиі кездесетін дерте айналып бара жатыр. Бұл психологиялық ауруды баланың бойынан 4 жасынан бастап байқауға болады дейді. Оны ерте кезінде анықтау маңызды. Өйткені, аутизмге шалдыққан баланы 5-7 жасында ортаға бейімдеуге болады.

ЕРКІН МАСАБАЕВ, психикалық денсаулық орталығының психиатр дәрігері:

Біріншіден, бала өз-өзімен ғана ойнайды. Анасына да қарамайды. Егер де біреу қолына көтерсе, ол жылап айқайлайды. Кәдімгі бала барлық ойыншықтармен ойнаса, ал аутизмге шалдыққан бала бір ғана ойыншықпен ғана ойнайды. Мысалы, машина ойыншығын бір ретке келтіріп жинақтайды. Балабақшада өзге балалармен араласпай, өз-өзімен ғана отырады.

Денсаулық орталығының мамандары ақыл-ой кемістігі бар балалармен қалай жұмыс істеу қажет және ата-ана өзін қалай ұстау керектігі турасында айтты. Семинарға «Солнечный дом» қоғамдық қорының құрылтайшысы Татьяна Делль де қатысып жатыр. Оның 9 жасар Алиса есімді қызы Даун синдромына шалдыққан.

ТАТЬЯНА ДЕЛЛЬ, «Солнечный дом» қоғамдық қорының құрылтайшысы:

– Қызымның болашағына алаңдаймын. Себебі, қазіргі кезде бұндай адамдарға оқу оқуға және жұмысқа орналасу қиын. Алисаны балабақшаға баратын уақытта ешбір балабақша қабылдағысы келмеді. Қызым қазір даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектепте оқиды.

Мамандардың айтуынша, облыста 200-ге жуық бала аутизм дертіне шалдыққан.

 

Гульден Симбаева