СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Аппараттық кеңесте ауыз су мен жол мәселесі қаралды

2025 жылға дейін облыс жолдарының 95% нормативтік жағдайға жеткізу қажет. Өткен жылы бұл көрсеткіш 78% құраған екен.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Алдымызда өте ауқымды жұмыс тұр. Оны іске асыру үшін мемлекет тарапынан қаражат бөлініп жатыр. Оны өздерңіз білесіздер. Біз ең алдымен негізгі басым жолдарда жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Орындалатын жұмыстың сапасына және уақытына ерекше назар аударып, қатаң қадағалауымыз керек. Өйткені халық қауіпсіздігімен, елді-мекеннің инфрақұрылымы үшін жасалатын жолдар. Сол себепті жолдарды жөндеу мәселесін тұрақты бақылауда ұстауымыз қажет.

Облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте мәлім болғандай, биыл бұл бағытқа 38 млрд теңге қаржы бөлініп, ауқымды жұмыс атқарылмақ. Жөндеу ауқымы 650 шақырымды құрамақ.

МАҚСАТ БАЯХМЕТ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Жөндеу жұмысы жүргізілетін 110 шақырым – республикалық жолдар. 480 шақырымы – облыстық және аудандық маңызға ие трассалар. Сондай-ақ, ауылішілік 60 шақырым жолда оң өзгеріс орын алмақ. Петропавл қаласының жолдарын жөндеуге 5 млрд теңге қарастырылған. Жөндеу жұмыстарына 42 мердігер компания қатыспақ. Жыл басынан оларға битум және инертті материал алу үшін 2 млрд теңге көлемінде қаражат берілді.

Биыл жөндеу жұмысына битумның 32 мың тоннасы қажет екен. Әзірге, 13,3 мың тоннасы жеткізіліпті. Сәуір айында тағы 4,2 мың тонна материал әкелінеді деп жоспарланып отыр.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қаржы бөлінді. Жұмыстар бәрі жасалып жатыр. Битуммен келісім-шарт бар. Битумды қалай әкеліп жатыр? Кім әкеліп жатыр? Осыдан бастап көмектеспесек болмайды. Биыл сұраныс қатаң болады, құрметті әріптестер.

Битумнан бөлек облыс әкімі Айдарбек Сапаров жалпы жұмыстың сапасына назар аудару қажеттігін айтты. Бөлінген қаражат толықтай игеріліп, конкурстар уақытында өткізілуі керек деді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 1-ші мамырға дейін конкурстар мен техникалық қадағалау жұмыстарын аяқтау қажет. Бөлінген қаражаттың уақытылы игерілуін ерекше бақылауға алып, жобалардың кестеге сәйкес іске асырылуын қамтамасыз ету қажет. Мердігер өз міндеттерін орындамаған жағдайда шартың күшін жойып, жауапкершілігі төмен мердігерлер қатарына қосу туралы шара қолдану қажет. Техникалық қадағалау жөніндегі сарапшылардың жұмысын да бақылауға алу қажет. Ашықтық пен мөлдірлікті қамтамасыз ету үшін шаруа барысы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялансын.

Отырыста ауыз су мәселесі де көтерілді. Қазіргі таңда тіршілік көзі солтүстікқазақстандықтардың 84% үшін қолжетімді. Бұл көрсеткішті одан әрі жақсарту қажет. Осы орайда биыл бұл бағытқа 16 млрд теңге бөлінбек.

ПАВЕЛ ШИЛОВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Жоспарланып отырған жұмыс 35 елді мекенде жүргізіледі. Бұл ауылдарда 22,8 мың адам тұрады. Жоспар бойынша биыл 250 шақырым су желісін қайта жаңғырту көзделген. Нәтижесінде мыңға жуық үйге тіршілік көзі тартылады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бөлінген қаражаттың уақытылы игерілуін барлық ауданда қадағалауды тапсырамын. Жобалардың жоспарға сәйкес іске асырылуына жағдай жасау керек. Іске салғырт қараған мердігерлермен келісім-шартың күшін жою қажет. Қала әкіміне су тарату желілерін жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжатты уақытылы дайындауды тапсырамын.

Жоспар ауқымды. Жалпы, биыл жыл соңына дейін өңір халқының 87,9% таза ауыз сумен қамту көзделіп отыр.

 

Алдияр Айтпаев