Қоғам

Сергеев су қоймасының толымдылығы 90 пайызға таяды

Қазір жергілікті гидролог мамандар күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Олар өздері жүргізетін күнделікті есептеулерге сүйеніп, алдағы бірер тәулікте жұртшылықтың жіті назарындағы Сергеев су қоймасы толатынын хабарлайды. Бүгін түскі 12-де тораптың толымдылық көрсеткіші 87,9 пайызды құрапты. Демек, жақын арада тіршілік көзі ернеуден асады.

ДӘУРЕН ҚОСШЫҒҰЛОВ, “Қазгидромет” РМК СҚОФ бөлім басшысы:

– Есіл өзенінде су деңгейінің үздіксіз жоғарылауы байқалады. Мысалы, Сергеев қоймасының өзінде деңгей 1 тәуліктің ішінде 93 сантиметрге көтерілген. Ал салаларында 33 пен 122 сантиметрдің аралығында жоғарылаған. Ең жоғары көрсеткіш Рузаевка ауылы маңында тіркелді.

Бүгінде Сергеев су қоймасының жалпы сыйымдылығы 693 млн текше метрді құрайды. Осы орайда синоптиктердің тағы бір болжамын ұсынамыз. Мамандардың сөзінше, ағымдағы қауырт маусымда торап шамамен 1 млрд текше метр тіршілік көзін қабылдайды.

ДӘУРЕН ҚОСШЫҒҰЛОВ, “Қазгидромет” РМК СҚОФ бөлім басшысы:

– Біздің есептеулеріміз бойынша Сергеев қоймасынан босатылған судың алғашқы ағыны бірер аптада Петропавлға жетеді. Бұл жерде түрлі факторларды назарға алуымыз керек. Бірінші – мұздың еруі. Қазір аудандарда мұздың қату көрсеткіші әр түрлі. Бұл ағынның жылдамдығына әсер етеді.

Қоса кету қажет, қазіргі таңда өңірде 19 гидрологиялық бекет бар. Соның 16-сы Есіл өзені мен оның салаларында орналасқан.

 

Байболат Култанов