Экология

Сәуір айында ауа райы қандай болмақ?

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:

– Сәуір болмай, тәуір болмас. Көктемнің екінші айы келе сала күн шуағын төкті. Бүгін 4-і. Сынап бағанасы +14 градусты көрсетіп тұр. Осындай жылы ауа райы сәуірдің соңына дейін сақтала ма? Қазгидромет мамандарынан сұрап білдік.

Синоптиктер сәуір айы тұрақсыз болады дейді. Орташа температура +5, +6 градус болғанымен алдағы 30 күн құбылады. Бірінші онкүндіктің ортасында ауа температурасы күндіз +5-10 градусқа жетсе, түнде -11 градусқа дейін төмендейді.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Екінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 1-6 градус аязға, күндіз 4-9 градус жылыға дейін төмендейді. Содан кейін ауа температурасы түнде 6-11, облыстың солтүстігінде 3 градус жылыға, күндіз 16-21, облыстың оңтүстігінде 24 градус жылыға дейін біртіндеп жоғарылауы күтілуде.

Мамандар сәуірдің екінші онкүндігінде үйден қолшатырмен шығуға кеңес береді. Айдың соңында найзағай болуы мүмкін.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Үшінші онкүндікте ауа темературасы түнде 4 градус аяздан 1 градус жылыға, күндіз 6-11 градус жылыға дейін біртіндеп төмендеуі күтіледі. Онкүндіктің соңында түнде 6-11, облыстың солтүстігінде 3 градус жылыға дейін жоғарылауы болжанады.

Сонымен қатар, сәуір айы желді болады. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Жауын-шашын көптеу болып көрінгенімен нормадан аспайды.

 

Самал Жунусова