ТЖ

Мұз үстіне шығу қауіпті

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:

– Қазір мұз үстіне шығу ғана емес, жанына жақындаудың өзі қауіпті. ТЖД мамандарының айтуынша мұз күніне 2 см-ге ериді екен. Алыстан қалың болып көрінгенімен кез келген сәтте морт сынып кетуі мүмкін. Бұны кейбір балықшылар қаперге алатын емес. Мамандар олар үшін тағы бір рейд ұйымдастырып жатыр.

Рейд барысында құтқарушылар назары Евгений Верхозинге түсті. Ер адам таңғы 8-ден келіп, балық аулап жатыр екен. Сүйікті ісі болғандықтан мүлдем тыйып қойу мүмкін емес дейді. Балықшы ретінде көпжылғы тәжірибесіне сүйене отырып қозғалады.

ЕВГЕНИЙ ВЕРХОЗИН, қала тұрғыны:

– Балық аулаумен бала кезімнен айналысамын. Жиі келемін. Қазір мұз қарқынды еріп жатыр. Сол себепті, сәл тежей тұрамын. Келесі жолы мұз түгелімен еріп болған кезде келемін.

Бүгін таңнан келіп қармақ құрған Евгений Верхозин ғана емес, тағы 2 балықшы отыр. Оларға да қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Құтқарушылардың айтуынша, Есілдің бір тұсында 10-ға жуық балықшы отырады екен.

Жалпы, мамандар күніне өзен бойын 4 рет аралап, ондағы балықшылармен тілдеседі. Күнделікті мұздың қалыңдығын өлшейді.

Қазір мұздың қалыңдығы 50 см-ді құрайды. Құтқарушылар бұл жүруге жарағанымен, қауіп бар дейді. Егер бір жерге бірнеше адам тұра қалса, мұз сынады да кетеді.

НҰРЛАН ТӨРТІБАЕВ, СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:

– Қазір мұздың қалыңдығы – 50 см, орталарына қарай қалыңдық азаяды. Мұз өзінің күшін жоғалтып жатыр. Балықшыларға күнделікті қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп жатырмыз. Балықшылар көбіне өздерінің салмақтарын ескермей, құрал-саймандарының бәрін алып келеді. Қала тұрғындарына тағы бір ескеретін жайт, мұз айдындарына көлікпен шықпауды сұраймыз. Ондай жағдайлар болып тұрады.

ТЖД мамандарының айтуынша балықшының суға кету жағдайлары 2021 жылдан бастап тіркелген жоқ. Жалпы, облыста балық аулайтын 60-қа жуық өзен-көл бар.

 

Самал Жунусова