Ауыл шаруашылығы

Ауыл тұрғындарына 2,5 пайызбен микрокредит беріледі

Іс бастағысы келетіндердің құлағына алтын сырға! Қазақстанда Президенттің тапсырмасы бойынша “Ауыл аманаты” жобасы іске асырыла бастады. Бастаманың аясында елді мекен тұрғындарына 2,5 пайызбен микрокредит беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздің бас диқаны Ербол Қарашөкеев хабарлады. Оның сөзінше, мал шаруашылығы бағытында тер төккісі келетін азаматқа 7 жылға дейінгі мерзімге қарыз рәсімделеді. Берешектің ең жоғары сомасы 8,6 млн теңгені құрайды. Ал ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 27,6 млн теңгеге дейін зайым ұсынылады.

ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Биыл осы мақсатта 100 млрд теңге бөлінген. 17 мың микрокредит беру жоспарлануда, бұл 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ал 7 жыл ішінде жобаға миллионнан астам ауыл тұрғынын қамти отырып, 1 трлн теңгеге дейін бағыттау жоспарлануда. Оларды кооперативтік кәсіпкерлікке тарту арқылы 350 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға болады.

 

Байболат Култанов