Өнеркәсіп

Жанар-жағармай нарығындағы қазіргі жағдай баяндалды

Былтыр Қазақстанда рекордтық көлемдегі дизель отыны өндірілді. Тіркелген көрсеткіш бақандай 5,2 млн тоннаны құраған. Алайда, бұл елімізде тапшылық мәселесін толығымен шешкен жоқ. Өткен жылы республика бойынша қосымша қажеттілік 350 мың тоннаға жеткен. Мұндай жағдайдың орын алуына сырттан келетін көліктер біраз әсер етіпті.

БОЛАТ АҚШОЛАҚОВ, ҚР энергетика министрінің міндетін атқарушы:

– Өткен жылы шетелдік транзиттік көліктер шамамен 150 мың тонна отын тұтынған. Тапшылыққа бірінші себеп – бағаның төмендігі. Көрші елдермен салыстырсақ, бізде баға айтарлықтай төмен. Мысалы, Ресейде сұйықтық бізден 45 пайызға қымбат сатылады.

Тапшылықты болдырмас үшін баға саясатын қайта қарау керек. Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов мырза қажетті өнім түрлерінің құнын арттыру қажет деп санайды. Ведомство есептеу жүргізіпті. Нәтижесінде мынандай бұйрық та әзірленіпті.

БОЛАТ АҚШОЛАҚОВ, ҚР энергетика министрінің міндетін атқарушы:

– Бөлшек саудадағы жанар-жағармай бағасын көтеру қажет. Мәселен, АИ-92, АИ-95 маркалы бензиннің құнын 200 теңге қылу керек. Сонымен қатар, дизель отынын 20 пайызға қымбаттатқан жөн.

Міне, осындай баға бекітілсе, тапшылықтың алдын алуға болады. Әйтпеген жағдайда іс насырға шабады. Болат Ақшолақовтың сөзінше, биыл өзгеріс енгізілмесе, дизель отынына деген дефицит 850 мың тоннаға жетуі ықтимал.

 

Байболат Култанов