Қоғам

Үш жастағы петропавлдықтың еміне жәрдем керек

Суреттегі сүйкімді баланың есімі – Даниил Шледовец. Үш жастағы жерлесіміз өткен жылдың тамыз айына дейін өзге балалар сияқты асыр салып ойнап, ата-анасын қуантып жүрген еді. Бірақ, балақайдың өмірі бір-ақ күнде түбегейлі өзгерді. Баланы ауыр дерт аяқтан шалды.

ЕВГЕНИЙ ШЛЕДОВЕЦ, Даниил Шледовецтің әкесі:

– Балам бір күні ақсай бастады. Ойын баласы ғой, бір жерде құлап, ұрып алған шығар деп ойладық. Кейін ақсауы басылмаған соң аяғын толықтай рентгенге түсірдік. Ештеңе анықталмады, дәрігерлер жақпа дәрі жақсын деді. Бірақ, ол да көмектеспеді. Содан жеке емханаларға да бардық. Онда мамандар неврология деді. Уақыт өте ұлым мүлдем жүре алмай қалды.

Нақты диагноз 5 айдан кейін қойылды. Баланың бойынан қатерлі қан ісігі анықталды. Жедел лимфобластикалық лейкозды жеңу жолында қазір Даниил Астанада ем-дом алуда. Күні кеше ғана балақай 2-ші мәрте химия қабылдады. Бірер күнде процедура тағы қайталанады.

ЕВГЕНИЙ ШЛЕДОВЕЦ, Даниил Шледовецтің әкесі:

– Химия 3 жасар бала үшін өте ауыр. Мұны дәрігерлер де жасырмайды. Бұл процедурадан кейін ұлымның көңіл күйі болмай жүр. Өзі нәр татпайды. Көбінесе жатады, ұйқтайды.

Шледовецтердің жанұясының соңғы үміті – түркиялық дәрігерлер. Ақхалаттылар Даниилді аяққа тұрғызып, дертінен құлан-таза арылуға кепілдік беріп отыр. Бірақ, шекара асып, ол жақтағы ем-дом шараларын алуға қомақты қаражат қажет.

ЕВГЕНИЙ ШЛЕДОВЕЦ, Даниил Шледовецтің әкесі:

– Даниилдің еміне 150 мың АҚШ доллары қажет. Қазіргі курспен бұл – 67 млн теңгеден астам қаражат. Әзірге, көпшіліктің қолдауымен 11 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Түркияға барып, ем-домды бастау үшін 25 млн теңге қажет.

Даниилді ата-анасы Түркияға сәуір айының ортасында апаруды жоспарлап отыр. Барлығы жиналған қаражатқа байланысты. Осы ретте жаны жайсаң солтүстікқазақстандықтардың қолдауы қажет. Кішкентай жерлесіміздің аяққа нық тұрып кетуіне бірлесе ат салысайық. Игі істен шет қалмайын деген жандар экранда көрсетілген шотқа қаражат жібере алады. Толық ақпаратты алу үшін Даниилдің әкесіне 8 747 592 26 04 телефон нөмірі бойынша хабарласуға да болады.

 

Алдияр Айтпаев