СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Жаңа құрамдағы облыстық мәслихаттың алғашқы отырысы өтті

Әуелі облыстық мәслихаттың депутаттары таныстырылды. Қызметке партиялық тізім бойынша – 15 және бірмандаттық округтер бойынша тағы сонша адам келді. Барлығы – 30 халық қалаулысы. Өңір жетекшісі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен өткен отырыста депутаттарға мандаттар табыс етілді.

Құжат пен төсбелгі азаматтардың депутаттығын растайды. Жиынның негізгі бөлігінен кейін облыстың мәслихаттың төрағасы тағайындалды. Залдағы көпшілік бұл орынға Владимир Бубенконы лайықты деп танып, бірауыздан дауыс берді. Мәслихаттың жаңартылған құрамы түрлі сала тізгінін ұстаған мамандардан тұрады. Депутаттар қатарында мұғалімдер, спортшылар, журналистер, дәрігерлер мен кәсіпкерлер бар. Әр адамның қарым-қабілеттерін ескере отырып арнайы комиссиялардың төрағалары тағайындалды. Жиын барысында Айдарбек Сапаров депутат атанған азаматтарға мемлекет пен халықтың мүддесі үшін аянбай еңбек ететіндеріне сенім білдірді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Алдымызда зор міндеттер мен ауқымды істер күтіп тұр. Өңірдің өзекті проблемалары пысықталып, облысты дамытуға бағытталған нақты іс-қимыл жоспары қабылданды. Әр ауданның даму жоспары бекітілді. Осы бағытта барлығымыз бірігіп, өңір халқының игілігі үшін жемісті де тиімді жұмыс атқаруымыз қажет.

Өз сөзінде Айдарбек Сапаров алдағы уақытта атқарылуы тиіс ауқымды істерге тоқталып өтті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыстың 2023 жылға бекітілген бюджеті 420 млрд теңгені құрады.

Мен жыл басында орталық мемлекеттік органдардың басшылығымен кездесулер өткіздім. Нәтижесінде республикалық бюджетті нақтылау кезінде ауыл шаруашылығын дамытуға, табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысын арттыруға, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қосымша қаражат бөлінді. Сондай-ақ, “Ауыл – ел бесігі” жобасын іске асыруға қаражат бөлінді. Оның едәуір бөлігін әлеуметтік саланы жақсартуға, инфрақұрылымды жаңартуға, ауылды дамытуға бағыттаймыз.))

Аймақ басшысы биыл көпқабатты үйлерді қолданысқа тапсыру ісіне де қарқын қосылатынын айтты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Петропавл қаласында 3 жыл ішінде 16 көппәтерлі тұрғын үйді тапсыру ісі бірнеше рет кейінге қалдырылды. Бұған қажетті инфрақұрылым салу және абаттандыру бойынша жұмыстардың ұзаққа созылуы себеп болды. Бұл мәселені шешу үшін бюджет қайта қаралды және қосымша қаражат бағытталды. Жерлестеріміз асыға күтіп отырған баспаналарды 15-ші маусымға дейін тапсыру керек.

Жаңа оқу жылынан білім беру саласында да жаңашылдық орын алмақ. Облыстағы бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылмақ. Жалпы, биыл білім беру саласына 135 млрд теңге бағытталыпты.

 

Алдияр Айтпаев