Қоғам

Облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынның шымылдығы ашылғасын мінберге қаржы басқармасының басшысы шықты. Наталья Дышканттың баяндамасына сүйенсек, бюджетте 882 млн теңге көлемінде қалдық ақша бар. Қомақты қаржының басым бөлігі “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталмақ. Нәтижесінде әжептәуір елді мекеннің ажары кіреді.

НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:

– “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асыру үшін 606,8 млн теңге бөлінбек. Бұл қаржының 532 млн-ы құрылыс, архитектура және қала құрылысы бағытында жұмсалады деп жоспарланып отыр. Мысалы, 108 млн теңгеге Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғызылады.

Наталья Дышкант әр жобаны баян етті. Алайда, баяндама облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьевтің көңілінен шықпады. Белсенді азамат қағаздарды парақтай отыра бірсыпыра тұсқа тоқталып, толықтыру сұрады. Сөз соңында өңірдің бас қаржыгеріне ұсыныс та білдірді.

ПАВЕЛ АФАНАСЬЕВ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Сіздердің тараптарыңыздан бөлінген қаржыға бақылау қажет деп ойлаймын. Бұлай ұсыныс білдіруіме себеп – әлеуметтік желі мен телеарналарда түрлі фактілердің жариялануы. Істің басы-қасында өзіңіз болуыңыз қажет.

Кезек миллиондардың бөлінуіне дауыс беруге келді. Мұның алдында Наталья Дышкант Павел Афанасьевтің ескертуі бойынша баяндамаға толықтыру, нақтылау енгізілетінін айтты. Осыдан соң қоғамдық кеңес мүшелерінің бәрі бірдей бас қыржыгердің ұсыныстарын қолдады. Бұдан кейін басқосудағы екінші мәселе – тасқынға дайындық жайы пысықталды. Бұл тақырып бойынша қос баяндамашы мінберге шықты. Олар өз бағыттары бойынша әзірлік жайын жіпке тізіп, төтенше жағдайға сақадай сай екендерін мәлімдеді.

 

Байболат Култанов