СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтарТКШ

Облыстық әкімдікте келесі жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды

Облыстық әкімдікте келесі жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды. Жиынға аймақ басшысының шақыруымен “Орталық Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы” директорлар кеңесінің мүшесі, “Севказэнерго” АҚ құрылтайшысы Сергей Кан қатысты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазіргі таңда тұрғындар, депутаттар мен барлық қызмет өкілдері 2023 пен 2024 жылғы жылыту маусымын қалай өткереміз деп алаңдауда. Мәселе қалай шешіледі және жөндеу жұмысы қалай жүргізілетінін білу үшін сізді арнайы шақырдым. Қандай жоспарларыңыз бар? Мәселені қалай шешпекшісіздер?

Жоспарларымен бөліспес бұрын Сергей Кан өткен жылыту маусымына көз жүгіртуді жөн көрді. Азамат Петропавлдағы 2-ЖЭО-да өткен маусыммен салыстырғанда жабдықтарды жөндеу мақсатында тоқтату 2,5 есеге төмендегенін атап өтті. 2022 жылы жылу электр орталығында 9 қазандық ретке келтірілді, оның 6-уы күрделі жөндеуден өтті.

СЕРГЕЙ КАН, “ОАЭК” АҚ директорлар кеңесінің мүшесі:

– Биылға жоспарлар ауқымды. 4 қазандық пен 1 мұржаны күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Әуел баста бұл жұмысқа 6 млрд теңге бағыттаймыз деп жоспарладық. Бірақ, істің көлеміне қарап қаражат көлемін ұлғайту қажеттігін түсіндік. 9 млрд теңге станциядағы жөндеуге, тағы 3 млрд жылу құбырлары мен электр желілеріне бағытталады. Нәтижесінде биыл жөндеу жұмысына барлығы 12 млрд теңге жұмсалмақ.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аталған мәселелердің барлығы шешілсе, келесі жылыту маусымына біз дайын боламыз. Бізден қолдау керек болса, айтыңыздар. Көмектесуге әзірміз.

Жиында белгілі болғандай, қазіргі таңда ЖЭО-да 1-ші мұржаның іргетасын қалау жұмыстары басталыпты. Нысанды биыл іске қосу жоспарланып отыр.

 

Алдияр Айтпаев