Қоғам

Келесі оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады

2023-2024 оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанатын болады. Бұл туралы облыс әкімі Айдарбек Сапаров облыстық мәслихаттың сессиясында айтты. Қазіргі уақытта тегін ыстық тамақпен тек аз қамтылған отбасыдан шыққан ұл-қыздар ғана қамтылып отыр. Қожаберген жырау атындағы №6 мектебінде мұндай оқушы саны 90-нан асады.

АЙНАГҮЛ ЕСҚАЛИЕВА, Қожаберген жырау атындағы №6 мектебінің директоры:

– Бүгінгі күні мектепте 980 оқушы білім алуда. Оның 94-і тегін тамақтанады, ал бастауышта мұндай балалар – 40. Үйлерінен әкеліп, тамақтанатын оқушылар да бар. Бұл – ата-аналарының қалауымен жасалып жатқан үрдіс. 2023-2024 оқу жылында бастауыш сыныптардың 380 оқушысы тегін тамақтанады деп жоспарлануда.

Қазір оқушылардың тамақтануы үшін күніне 500 теңгеденжұмсалады. Яғни, ата-аналар айына бір бала үшін 10 мың теңге төлейді. Сол себепті, бұл бірнеше баласы бар жандардың қалтасына әжептәуір салмақ салады. Келесі оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады деген бастаманы естіген ата-аналар өз ризашылықтарын білдірді.

ТҰРСЫНБЕК БРАЛИН, қала тұрғыны:

– Немерем Әйгерім 3-ші сыныпта оқиды. Жеті сайын немерелерімізге 2500 теңгеден беріп отырамыз. Бұл әр немереге. Енді бір айда 4 жеті болса қанша қаражат кетеді. Енді отбасылық бюджетке жеңілдеу болады. Сондықтан, өте ризамыз.

АЙГҮЛ ХАМЗИНА, қала тұрғыны:

– Менің ұлым 2-ші сыныпта оқиды. Күніне тамақтануына 500 теңге береміз. Енді келесі оқы жылында тегін тамақтану болады деп жатыр. Соған өте қуаныштымыз және құптаймыз.

Жалпы, өңірде 72 мыңнан астам оқушы бар, оның 31 мыңы бастауыш сыныпта оқиды.

 

Самал Жунусова