Спорт

Балалар арасында футболдан фестиваль өтті

Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен өңірімізде балалар мен жасөспірімдер арасында футбол фестивалі өтті. Бұл шара осыған дейін еліміздің 4 қаласында ұйымдастырылған екен. Олар: Алматы, Қостанай, Павлодар мен Тараз қалалары.

ЖЕҢІС АСАНОВ, “СҚО футбол федерациясы” қауымдастығының төрағасы:

– Бұл іс-шараның мақсаты – балаларды спортқа баулу, бұқаралық спорттың дамуына өз септігімізді тигізу. Осындай фестивальдар дамуға себепкер болатынына сенімдіміз.

Фестивальға Қызылжар, Мағжан Жұмабаев аудандарынан және қаладағы отбасылық үлгідегі балалар ауылынан келген 100-ге жуық бала қатысты.

Теңдік Жақаева, отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиешісі:

– Көзбен көріп, шыныққандары өте дұрыс. Кейбір қыз-балаларымыз футболға қатысады.

Тренингті жергілікті “Қызылжар” футбол құрамасының кәсіби ойыншылары жүргізді. Ойын барысында 6 топқа бөлініп, 6 жаттығу түрін көрсетті. Балалар жасыл алаңда құмарлары қанғанша шынығып, футболдың қыр-сырымен танысты. Өз әсерлерін ортаға салды.

– Мен футбол ойнаған емеспін. Бүгін қызығушылығым пайды болды. Алдағы уақытта осы спорт түріне ден қойуым мүмкін.

– Маған осы алаңда кәсіби спортшылар секілді жаттығып жатқанымыз қатты ұнады. Барлығы қызықты өтіп жатыр.

Аталмыш шара соңында барлық қатысушыларға мақтау қағаздары мен арнайы сыйлықтар табысталды. Фестиваль алдағы уақытта жалғасын табады.

 

Аснурия Абдула