Спорт

Өңірден Олимпиадаға қатысуы мүмкін спортшылардың тізімі жарияланды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Әлдименов баяндама жасады. Тақырып – саланың өткен жылғы жетістіктері мен биылғы жоспары. Атқамінер атқарылған және атқарар шаруаны баян етпес бұрын өңір халқына қатысты ақпармен бөлісті.

АСЫЛБЕК ӘЛДИМЕНОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

– 215 мыңнан астам адам немесе халықтың 40 пайызы спорпен жүйелі түрде айналысады. Облыста 2951 спорт нысаны жұмыс істейді.

Өткен жыл солтүстікқазақстандық спортшылар үшін өте табысты болды. Жергілікті ұжымдар мен қыз-жігіттер халықаралық аренада өңір намысын абыроймен қорғады. Солардың бірқатарын бірнеше беттік баяндамасында Асылбек Әлдименов мырза тілге тиек етті. Жетістіктер мемлекет тарапынан тиісті жағдай жасалмаса арман күйінде қалары анық. Мұны жақсы білетін облыс басшылығы қазір құрылысқа көңіл бөлуде. Бүгінгі күні өлкемізде 4 бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Жақын арада олардың саны біреуге артады.

АСЫЛБЕК ӘЛДИМЕНОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл облыс орталығының «Береке» ықшам ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бастау алады. Қазіргі таңда мұнда 35 мыңға жуық адам тұрады. Нысан жайлы айтсақ, онда әмбебап спорт залы, тренажер залы, күрес пен бокс залдары болады. Жер телімі бөлінді. Жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтті.

Келер жыл спорт саласы өкілдері үшін аса маңызды. Алдымызда күллі қауымды Париж Олимпиадасы күтіп тұр. Төртжылдықтың басты бәсекесінде солтүстікқазақстандық спортшылар бақ сынауы тиіс. Бүгінде кандидаттардың тізімі әзір. Оны басқарма басшысының орынбасары жария етті.

АСЫЛБЕК ӘЛДИМЕНОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

– Ұлттық құрамаға біздің облыстан мына спортшылар кандидат: велоспортшылар – Алексей Луценко мен Артем Захаров, жеңілатлет – Михаил Литвин, палуандар – Нұрқожа Қайпанов пен Данияр Каленов, боксшы – Наталья Богданова, дзюдошы – Назгүл Маратова, брейкер – Амир Закиров.

Естеріңізге сала кетейік, Францияның астанасындағы жазғы Олимпиада ойындары келер жылдың 26-шы шілдесі мен 11-ші тамызы аралығында өтеді.