СҚО әкімдігіСпорт

«Қуаныш» ВК өз тарихында тұңғыш рет ел чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Қуаныш волейбол клубы өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Петропавлға оралған спортшылармен аймақ басшысы Айдарбек Сапаров кездесіп, жеткен жетістіктерімен құттықтады. Ішкі біріншілікте жүлдегерлер қатарынан көрініп, Азия чемпионы деген атағы бар ұжымға аймақ басшысы Айдарбек Сапаров бұл нәтижемен тоқтап қалмай, ел чемпионы атануларынан үмітті екенін айтты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің «Қуаныш» волейбол клубы өз тарихында алғаш рет Ұлттық лига біріншілігінің күміс жүлдесін жеңіп алды. Бұл – спортшылар мен бапкерлердің көп жылғы еңбектерінің жемісі. Бұл жетістік облыста спорттың дамып жатқанын көрсетіп отыр. Әсіресе, волейбол жақсы деңгейге көтерілді. Волейбол үйірмелеріне жүздеген балалар қатысып, кәсіби түрде дайындалуда. Осыны жалғастыру қажет. Облыстан қаржы бөлініп жатыр. Біз соның нәтижесін көрсетіп, дәлелдеу керек. Сондықтан, нәтижеге жеткен сіздерсіздер. Соған алғысымды айтамын.

Клуб құрылғаннан бері командамен бірге жеңіс пен жеңілісті қатар көріп келе жатқан команда либерасы Сәбира Бекішова ұжымның нәтижесі жақсарып келе жатқанын атап өтті. 2022 жылы қоланы қанағат тұтқан волейболшылар ағымдағы жылы бір саты алға жылжып күмісті еншілеп отыр.

СӘБИРА БЕКІШОВА, «Қуаныш» ВК ойыншысы:

– Басты марапатқа бір ғана қадам қалды. Енді бұл алдағы жылға қойылатын жаңа мақсатымыз болмақ. Жалпы, волейбол өте танымал ойындар қатарына қосылуда. Аталған спорт түрін қарап қызығатындардың да қатары артып келеді.

Қай салада болмасын қол жеткізген нәтижеге қарап бір орында тұрып қалуға болмайды. Клуб директоры Қайырбек Хамзин “Қуаныш” ұжымының дамып-жетілуіне өңірде көрсетілетін зор қолдау септігін тигізуде дейді.

ҚАЙЫРБЕК ХАМЗИН, «Қуаныш» ВК директоры:

– Спортшылардың еңбегі. Біздің облысымыздың басшыларының үлкен көмегінің арқасында келе жатырмыз. Сіздердің көз алдарыңызда өстік.

Ал команда сапындағы доп үйлестіруші Ботагөз Есімхан “Қуаныш” клубы үшін маусым қалай өткенін және ұлттық біріншілікте алтын жүлдеге деген талас қалай өрбігенімен бөлісті. Сөзінше, маусым ұжым үшін ұзақ әрі шиеленіске толы болғанымен, бапкерлер мен ойыншылардың ерік-жігерінің арқасында күміс жүлдені ұтып алудың сәті түскен.

БОТАГӨЗ ЕСІМХАН, «Қуаныш» ВК ойыншысы:

– Әр қадамымызды аңдап басып, өзіміз ойлаған нәтижеге қарай ұмтылдық. Финалдық кезеңге дейін жетіп жақсы нәтиже көрсете алдық. Волейболға қатысты мансабым туралы айтар болсам, алтын жүлдеге қол жеткізгім келеді. Бұл жетістікке “Қуанышпен” бірге жетеміз.

Аймақ басшысы Айдарбек Сапаров волейболшылармен кездесу кезінде команда сапындағы ойыншыларға ҚР спорт шебері атағы, алғыс хат, төсбелгі мен гүл шоқтарын тарту етті. Маусымды жемісті аяқтаған “Қуаныш” командасы қысқа мерзімдік демалысқа шықты.

 

Гульден Симбаева