Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Қалалық мәслихаттың жаңа құрамының 1-ші сессиясы өтті

Облыс орталығында қалалық мәслихаттың депутаттары таныстырылды. 8-ші шақырылымның 1-ші сессиясында ең алдымен халық қалаулысы атанған 18 адамға мандаттар табыс етілді.

Одан соң қалалық мәслихаттың төрағасы сайланды. Бұл орынға Арман Бердағұлов лайықты деп танылды. Сонымен, облыс орталығының экономика және бюджет салаларына қатысты мәселелерді 6 адам, әлеуметтік сұрақтарды да 6 адамнан тұратын комиссия қарастыратын болады. Оның құрамына Сәлімхан Сәбитов те кіреді.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, қалалық мәслихаттың депутаты:

– Менің сайлауалды бағдарламамда айтылғандай қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың мүдделерін қорғайтын боламын. Олардың сұрақтары бойынша қазіргі күні де жұмыс жасалып жатыр. Жалпы, мемлекеттік қызмет алу сапасын арттыру, яғни қазіргі күнде мүмкіндігі шектеулі адамдардың дені санаториялық-курорттық қызметтерді пайдаланады немесе кейбіреуі басқа қалаларға қоғамдық көліктермен барады. Оларға қандай кепілдіктер барын түсіндіріп, ары қарай осы салада жұмыс жалғастыратын боламын.

Сәлімхан Сәбитов – 9-шы округтен сайланған депутат. Айтуынша, Жұмысшы кентінде шешуді қажет ететін мәселелер баршылық.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, қалалық мәслихаттың депутаты:

– Өзімнің 2 үлкен жобам бар. Мысалы, мен өзім 9-шы округтің, яғни Жұмысшы кентінің депутаты болып сайландым. Онда жастардың жиналатын орны жоқ екен. Сондықтан, 5 жыл ішінде 2 қабатты ғимарат құрса деген ой бар. Сол нысанның ішінде дене шынықтыру, мәдениет саласына қатысты немесе жасөспірімдерге түрлі үйірмелер болса деген ой бар.

Елена Семидоцкихтің айтуынша тұрғындарды абаттандыру мәселелері алаңдатады.

ЕЛЕНА СЕМИДОЦКИХ, қалалық мәслихаттың депутаты:

– Бұған дейін азаматтармен кездескенде олар ескі ағаштарды кесу, ауланы асфальттау, балаларға арнап алаңқай салу мәселелерін көтерді. Сұрақ көп. Оны шешуге бар күш-жігерімді саламын.

Қалалық мәслихаттың сессиясына қатысқан қала әкімі Руслан Аңбаев халық қалаулыларына сәттілік тіледі.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарын дер кезінде қарастырып, үміттерін ақтайтындарыңызға сенемін.

Жиын соңында депутаттар әлуметтік-экономикалық салаларды дамыту үшін тың жобалар ұсынып, халықтың сеніміне ақтауға уәде берді.

 

Самал Жунусова