Қоғам

Қала әкімі тұрғындармен кездесті

Бүгін Руслан Аңбаев халықпен кездесу өткізді. Шараны қала әкімі баяндамадан бастады. Қала тұрғындары алдағы уақытта шаһарда тындырылатын біраз іспен танысты. Биыл облыс орталығындағы жолдарды жөндеп, көшелерді абаттандыруға облыстық бюджеттен 18,7 млрд теңге бөлінген. Қыруар қаражатқа 18 көше жөнделеді.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Өткен аптада облыс әкімімен бірге қаланы аралап, жолдардың жағдайын тексердік. Ашық айту қажет, жолдардың жағдайы нашар. Мұны облыс әкімі де көрді. Қаңтар айында облыстық бюджеттен қала жолдарын жөндеуге 4 млрд теңге бөлінген болатын. Облыс әкімі 4 млрд-қа қосымша 1 млрд теңге бөлуді қарастырып отыр.

Биыл облыс орталығында суағар салу жұмысы жалғасады. Бұл іс Солнечный-2 кенті мен қала ішіндегі 5 көшеде жүргізіледі.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Солнечный-2-де 2,5 шақырым арық салынады. Қазір 5 көшеге жалпы ұзындығы 13 шақырым болатын арық салу бойынша ЖСҚ дайындалып жатыр. Жұмыс Шухов, Ломоносов, Калинин, Мүсірепов пен Гастелло көшелерінде жүргізіледі.

Кейін кезек тұрғындардың сауалына да келіп жетті. Бірінші болып өз сұрағын Солнечный-1 кентінің тұрғыны Лидия Бурма қойды. Нәзікжанды бүтіндей бір ауданның базынасын жеткізді.

ЛИДИЯ БУРМА, қала тұрғыны:

– Жолдарға “дресва” деген материал төселді. Бірақ, жағдай одан бетер қиындай түсті. Жерден көтерілген шаңмен тыныстаймыз. Жолдың жағдайы өте нашар. 27-ші автобус жүргізушісі біздің аудан жолаушыларын тасымалдаудан түбегейлі бас тартты. Себебі, жолмен жүру мүмкін емес.

Бұдан бөлек, Лидия Бурма, ауыз су, жылу трассалары мен абаттандыру мәселелерін қозғады. Қала әкімі бұл мәселелерді бақылауға алатынын айтты. Кейін өз сауалын Руслан Аңбаевқа Мағрипа Сүлейменова қойды.

МАҒРИПА СҮЛЕЙМЕНОВА:

– Жұмабаев көшесінде жаңа мектеп саларда біздің қасымыздағы үйлердің барлығы сүрілді. Біздің үй қалды. Жуырда бұзамыз деген, бірақ қазір мектеп іске қосылды. Қора-қопсы бәрі қисайып жатыр. Үйдің іші дымқыл. Күздігүні үйді қазып өтті.

Мағрипа Сүлейменова қала әкіміне бұдан бөлек тағы екі сауалын қойды. Біріншісі саяжайға баратын қоғамдық көлік жайлы. Автобустың іші тар және аптасына бір рет қана қатынайды екен. Екінші мәселе мынадай: М.Жұмабаев көшесінде бағдаршамдар орнатылған, бірақ құрылғылар жұмыс істемей тұр. Зейнеткер күнделікті жиенін мектепке апарады. Жолдан өту кезінде қиындықтар туындайды. Аталған 3 мәселені біржақты ету үшін Руслан Аңбаев Мағрипа Сүлейменованы сәуір айының басында жеке қабылдамақ. Өз сөзінде қала әкімі қуанышты жаңалықпен де бөлісті. Алдағы 3 жыл ішінде шаһарда 3300 орынға шақталған 4 мектеп бой көтермек. Оның бірі “Берекеде”, екіншісі “Орман” шағын ауданында биыл тұрғызыла бастайды.

 

Алдияр Айтпаев