Спорт

Ерекше балаларды спортқа баулу

Залда асыр салып жүрген балалардың жаны спортқа құмар. Өкінішке қарай, бойларындағы дертке байланысты олар жалпы залда, өзге балалармен қатар жаттыға алмайды. Бұл ерекше бала тәрбилеп отырған ата-ананы да іштей қынжылтатыны анық. Бірақ, білген абзал, Петропавлда аутизм мен сал ауруына және даун синдромына шалдыққандарды спортқа баулитын жер бар. Оны осыдан екі ай бұрын Николай Кардоватов ашыпты.

НИКОЛАЙ КАРДОВАТОВ, емдік дене шынықтыру жөніндегі жаттықтырушы-нұсқаушы:

– Қазіргі таңда 5 қалада “Жас жауынгер” жобасы жұмыс істеп тұр. Өзім Астанадан келдім. Менен зал тауып, ерекше балаларды жинап, оларды жаттықтыруды сұрады. Келісе кеттім. Залды бізге спорт басқармасы ұсынды.

Мұндағы балалардың барлығы аса белсенді. Физикалық тұрғыдан да әлсіз деуге келмейді. Қазіргі таңда ауыр дерт оларға қолбайлау болып тұр. “Олай болмаған жағдайда бұл жастар келешекте даңқты спортшылар болуы әбден мүмкін еді”,- дейді Николай Кардоватов.

НИКОЛАЙ КАРДОВАТОВ, емдік дене шынықтыру жөніндегі жаттықтырушы-нұсқаушы:

– Бұл балалардың бойында қуат бар. Залға келе сала олар жүгіріп, мәз-мейрам болысады. Жалпы, біз оларды қол күрес, бокс, күрес және қоян қолтық ұрыс бойынша аптасына 2 рет жаттықтырамыз. Қазір 15 бала келіп жүр.

Қазіргі таңда бұл балалардың ата-аналары да ұлдарының бойынан оң өзгеріс байқап жүр. Наталья Бушуева баласын залға 1 ай бұрын әкелген. Егорға мұндағы атмосфера ұнайды. Сәрсенбі, жұма күндері бала залға жеткенше асық болады.

НАТАЛЬЯ БУШУЕВА:

– Ұлым спортпен айналыса бастағалы көтеріңкі көңіл-күймен жүреді. Мектептегі мұғалімдер де мақтайды. Сабақта ол өзін ұстауға және тәртіпке үйренді. Залдағы мамандарға айтар алғысым шексіз.

Қазіргі таңда балалармен екі жаттықтырушы айналысады. Өз қызметтерін Наталья мен Николай тегін атқарады.

 

Алдияр Айтпаев