Денсаулық сақтау

Былтыр облыста туберкулезден 14 адам қайтыс болған

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы журналистермен жүздесті. Брифингіде Құмар Күсемісов өткен жылы атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарды жіпке тізді. Салада бірнеше өзекті мәселе бар. Алғашқысы – кадр тапшылығы. Қазіргі таңда аққайыңдар өлкесінде 157 дәрігер мен 79 орта буын медицина маманы жетіспейді. Әсіресе, облысқа акушер-гинекологтар, педиатрлар ауадай қажет.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Өңірге кадр тарту бойынша жұмысты жалғастырамыз. Арнайы делегация құрылды. Білікті мамандардан тұратын топ еліміздің жоғары оқу орындарын аралап, кездесулер өткізді. Соның нәтижесінде облысқа дәрігерлер келмек. Биыл қаламызда 2 емхана ашылады. Жаңа емдеу нысандарын да кадрмен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз.

Облыста әлі де онкологияға шалдығу деңгейі жоғары. Көңілге қаяу салатын сандармен бөлісеміз. Өткен жылдың соңында диспансерлік есепте тұрған жандардың саны 10 460 құраған. Бұл 21-ші жылдағы науқастар санынан 387 адамға көп. Туберкулез деген тағы бір кесел бар. Мұнда да жағдай мәз емес.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Былтыр өңірде туберкулез жұқтырудың 210 жағдайы тіркелді. Жұқпалы індет салдарынан 14 адам бақилық болды. Біз дертті ерте сатысында анықтауға күш салып жатырмыз. Қазіргі таңда облыста 44 флюрографиялық қондырғы бар. Оның 13-і жылжымалы.

Былтыр ана өлімі тіркелмеген. Өкінішке қарай, үстіміздің жылдың басында Петропавлда өмірге сәбиін әкелген азаматша өмірмен қоштасты. Жаға ұстатар факті бойынша тексеріс жайын Құмар Күсемісовтен сұрадық.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Ана өлімі қаңтар айында тіркелді. Тексеріс кезінде азаматшаның босанғаннан кейін 7 ай өткесін кезекті мәрте жүкті болғаны анықталды. Бұл уақытта ағза қайта қалыпқа келіп үлгермеген. Жауапты департамент сараптама жүргізді. Жиналған материал құқық қорғау органына жіберілді. Алдағы уақытта қылмыстың бар-жоғы анықталады.

Өңірдің бас дәрігері жүктілікті жоспарлау қажеттігін баса айтты. Тағы азаматшалардан жауапкершілік танытуды сұрады. Қазір кейбір нәзікжандылар жеке клиникаларда тексеріліп, қорытындыларын өздері тіркелген мекемелерге дер кезінде ұсынбайды екен. Салдарынан қандай да бір патология кеш анықталып жататын көрінеді.

 

Байболат Култанов